$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Құрылтайды «президент таратады» деген норманы өзгерту қажет – Әбенов

09.02.2026ж. 17:57
Құрылтайды «президент таратады» деген норманы өзгерту қажет – Әбенов
Фото: Конституциялық сот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов Конституциялық комиссияның отырысында Конституцияны мемлекеттің саяси-құқықтық іргетасы ғана емес, халықтың ерік-жігері мен арман-мұратын айшықтайтын қоғамдық келісімнің басты тірегі деп атады. Ол атап өткендей, Конституция мемлекеттіктің мәнін айқындап, билік пен қоғам арасындағы сенімнің берік көпірін қалыптастырады. 

«Қазіргі кезең – жаһандық өзгерістер дәуірі. Төртінші өнеркәсіп революциясы, технологиялық серпіліс және цифрландыру мемлекеттік басқаруға жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан қоғам дамуына серпін беретін заманауи Конституцияның мәні өте зор. Онсыз орнықты даму мүмкін емес», – деді депутат.

Депутат Конституция жобасының 46 және 62-баптарының бастапқы редакциясына қатысты пікір білдірді.

«Құрылтайды таратуға негіз болатын жағдайлар Конституция жобасының 46 және 62-баптарының бастапқы редакциясында көзделген. Негізінен азаматтар 62-бапқа қатысты пікір білдіргенімен, 46-бап та Президенттің маңызды тағайындауларды қайта-қайта бекітуге келіспеген жағдайда Құрылтайды таратуға міндетті екенін көрсететін нормаларды қамтыған», – деді Әбенов.

Ол атап өткендей, аталған механизм вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғарғы аудит палатасының мүшелерін тағайындау, сондай-ақ Құрылтай төрағасын сайлау рәсімдеріне қатысты болып отыр.

«Азаматтар бұл нормалардың сөзбе-сөз оқылуына алаңдаушылық білдірді, себебі Конституция мәтіні ең жоғары заңдық дәлдікті талап етеді. Осыған байланысты сарапшылар Құрылтайды өз еркімен тарату қаупі «күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес келмейтінін дұрыс атап өтті. Сонымен қатар, осы норманың автоматты сипаты институционалдық дағдарысқа және мемлекетті басқаруда тұйыққа әкелуі мүмкін еді, яғни жоғары мемлекеттік лауазымдарға кандидатураларды әдейі бөгеп, бүкіл мемлекеттік жүйені бірден параличке ұшырату ықтималдығы бар еді», – деді депутат.

Депутат халықаралық тәжірибені мысал ретінде келтіріп, Ұлыбританияда екі жыл ішінде төрт премьер-министр ауысып, олардың бірі небәрі 50 күн қызмет атқарғанын, Оңтүстік Кореяда да институционалдық тұрақтылықтың жоқ екенін айтты.

«Көптеген дамыған елдерде негізгі заң мен билікті бақылау жүйесінің кемшіліктерін пайдаланып, саяси топтар өз мүддесі үшін заңдық рәсімдерді саналы түрде қолданады», – деді Әбенов.

Ол атап өткендей, әдетте бұл оппозициялық партиялар. Олар фракциялар құрып, маңызды тағайындауларды әдейі бөгеп, рәсімдерді созып, нәтижесінде парламентті тарату арқылы кезектен тыс сайлау өткізуді мақсат етеді.

«Нәтижесінде зиян шегетіндер саясаткерлер емес, мемлекет пен азаматтар, мәселен, басқару қабілеті түседі, реформалар тежеледі, тұрақсыздық пайда болады», – деді депутат.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясының фракциясы 46-бап пен 62-баптың 2-тармағын өзгертуді ұсынған. Әбеновтің айтуынша, «Президент таратады» деген норманы «Президент тарату құқығына ие» деп өзгерту қажет. Заң шығарушылық саласындағы мамандар үшін императивтік норма (міндетті түрде нақты әрекет етуге міндеттейтін) мен дискрециялық норма (нақты жағдайға байланысты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін) арасындағы айырмашылық айқын.

«Бұл өзгеріс норманың мәнін түбегейлі трансформациялайды. Құрылтайды жасанды түрде тарату қаупі жойылады және саяси дағдарысқа жол берілмейді. Бұрынғы редакция бойынша мұндай сценарий теориялық тұрғыда мүмкін еді. Ұсынылған кандидатураларды біртіндеп қабылдамай қою жеткілікті болатын», – деді депутат.

Осылайша, тежемелер мен баланстар жүйесі кейде саяси қысым мен сауданың құралына айналуы мүмкін еді.

«Ұсынылып отырған түзету – билік органдарының жұмысын жасанды қақтығыс арқылы тоқтату немесе елді ұзақ дағдарысқа тарту әрекеттерінен қорғау шарасы», – деді Әбенов.

Депутат атап өткендей, Құрылтайды тарату туралы шешім автоматты түрде қабылданбауы керек.

«Бұл тек мемлекеттік институттар шын мәнінде жұмыс істей алмай қалған жағдайда ғана жасалатын саналы саяси-құқықтық қадам», – деді ол.

Аталған өзгерістер реформалар логикасына және «Әділетті Қазақстан» моделіне толық сәйкес келеді, деп атап өтті депутат. Олар тарату шарасын ерекше жағдай ретінде бекітеді, бұл мемлекеттік институттардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.  

Сонымен қатар, ол 62-баптың 2-тармағындағы «Президент ұсынған кандидатураларды тағайындау» деген формулировканы «әрбір кандидатураны жеке тағайындау» деп өзгертуді ұсынды.  

Депутаттың айтуынша, бұл түзету әсіресе бірнеше судьяны немесе Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындаған кезде маңызды, өйткені әр лауазым мен әр кандидатураны жеке қарау арқылы дауыс берудің жинақталатын тәсілін болдырмайды.