$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Электросамокаттар енді көлік ретінде ресми тіркеледі

AstanaTV
10.02.2026ж. 19:00
Электросамокаттар енді көлік ретінде ресми тіркеледі

Биылдан бастап электросамокаттар ресми түрде көлік құралы ретінде тіркеледі. Жалға беруші кикшеринг компаниялар енді оған мемлекеттік нөмір тағуға міндетті. Күн жылыса құмырсқадай қаптайтын самокаттар кептелістен құтылуға көмектескенімен, ауыр жол-көлік оқиғаларына да себепші болып жатады. Алматыда былтыр бұл көлік құралының қатысуымен  386 апат болып, 400-ден аса адам зардап шеккен. Полиция шара қолданғанымен тәртіп бұзатындар тыйылар емес. 

Биыл 1-ші шілдеден бастап  талап күшейеді. Енді жолдарда жаныңнан жүйіткіп өтетін, қашпасаң қағып та кететін самокатшыларды заң тәубесіне келтірмек. Жаңа нормаға сәйкес оларға жаяу жүргінші жолына шығуға болмайды. Жалға берілетін екі дөңгелектінің барлығына мемлекеттік нөмір тағылып, тек жолдың оң жақ бағытымен жүруге рұқсат етіледі. Ал қолданушылардың жасы 18-ге толған, жүргізуші куәлігі болуға міндетті.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазір жасөспірімдер де кәмелет жасқа толмағандар да тізгіндеп кете береді. Сондықтан кикшеринг компанияларының талаптары едәуір күрделі болады оларға. Өйткені осы электросамокаттарды азаматтарға бермес бұрын міндетті түрде оның жас мөлшері анықталуы тиіс. 

Былтыр Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 386 жол апаты тіркеліп, 400-ден аса адам жарақат алған. 1азамат ажал құшты. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда 2 жарым есе көп.  Мамандар тарапынан жүргізілген зерттеу нәтижесінде апатқа себеп көп жағдайда асығыстық екен. Азаматтар аз ақша құрту үшін тез жүреді. Салдарынан соқтығысады. 

ДИАС ЖАРҚЫНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:

Алматы қаласының прокуратурасы жеке мобильділік құралдарының қатысуымен жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында қалалық полиция департаментіне және жергілікті атқарушы органға кикшеринг компанияларының қызметін минуттық емес, жүріп өткен қашықтық үшін ақы алу жүйесіне бағдарлау туралы ұсыным енгізген болатын. Өйткені қолданыстағы минуттық төлем шарттары жылдамдықты арттыруға және жол-көлік оқиғасының болуына әкеп соғады.

Бір ғана маусымда электросамокаттар 14 миллион рет қолданылған. Жаңа талапты тұрғындар құптайды.  

БЛИЦ:

- Көлік ретінде енгізгені өте дұрыс деп ойлайм. Себебі күн жылыса болды самокаттарды өте көп жүреді және де адамның жүрісіне қолайсыз жағдайлар туындатады. Жаныңнан зулап өтеді.

- Нұсқаулықтар беріліп жатыр ғой. Басқа шлем, защитный дүниелер кию керек. Солар туралы ғой енді. Болады енді случай кейбір кезде мешать ететін.

Тұтынушылар бұрынғыдай самокатты қалаған жерге тастап кете алмайды. Егер ондай олқылықтар анықталса, жеке тұлғаның өзі жауапқа тартылады.