$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Батыс Қазақстан облысында нашақорлар жасарып келеді

10.02.2026ж. 19:00
Батыс Қазақстан облысында нашақорлар жасарып келеді

Батыс Қазақстан облысында ең жас нашақор-16 жаста. Мамандар есірткіқұмарлықтың жасарып бара жатқанын айтып, алаңдауда. Өңірде есірткіге тәуелділердің саны бүгінде 700-ден асқан. Күн сайын ол толығып жатыр дейді. 

Дәрігерлердің айтуынша, емделіп, түзу жолға түсуге нашақордың 90% ниетті. Орталықта былтыр 60 адам ем алған. Дені -дәулетті отбасыдан шыққан жастар. Ал ең жасы 16-17 де көрінеді.

АЛТЫНАЙ ҒҰМАРОВА, ДӘРІГЕР-НАРКОЛОГ:

Жасөспірімдердің қолданатыны - синтетикалық-дизайнерлік есірткі деп айтамыз. Синтетикалықтың қиындығы бар. Бірінші, екінші дозадан тәуелді болып кетеді. Бұрынғы дәстүрлі есірткіге қарағанда оның физикалық әсері, жаңағы ломка болмайды. Әсіресе мінез-құлқы бұзылуы, есіруі болғасын ол жағы кішкене қиындау.

Есірткі мен ішімдікке құмарлық созылмалы ауру секілді. Сондықтан ем-дом да ұзаққа созылады. Өйткені жастар есірткінің зардабы қаншалықты ауыр екенін түсінбейді, сондықтан тез емделуге тырыспайды, дейді дәрігерлер.

ЕРКІН КАРИН ТІЛШІ:

Қазір мұнда емделушілерге тренинг өткізіліп жатыр. Психолог оларға түрлі тапсырмалар беріп, жаттығуларды орындатады. Нәтижесі де жаман емес дейді.

Орталыққа келіп оңалғандардың бірі - 41 жастағы Егор Краснов. Есірткіге елітіп жүргенде өмірінің он жылы қалай өтіп кеткенін   білмей қалған. Ақыры достары мен отбасынан айрылып, жалғыз қалыпты. Қиналғанда сүйеу болған серігін осы жерден тапқан. Бір қызығы, ол да мұнда маскүнемдіктен емделіп жатыр.

ЕГОР КРАСНОВ, ЕМДЕЛУШІ:

Өмірде есірткіден де әсерлі, есірткіден де маңызды қызықтар көп. Сондықтан әуелі өзіңді, жақын жандарды жоғалтпауды ойлау керек. Мен осында келгесін ес жиып, бәрін ой елегінен өткіздім. Жоғалтқан уақытым мен өмірімді кері қайтара алмасам да, саулығымды түзеуге тырысып жатырмын. Бұл қанша ауыр болса да, ең бастысы ниет пен ынта болуы керек. Сонда ғана нәтиже шығады.

Былтыр облыста есірткі саудалаған 280 адам ұсталып, есірткі тасымалының екі халықаралық каналының жолы кесілген.