Енді «TURGYNDAR AMANATY» жобасы әкімдердің қатысуымен барлық өңірлерде кеңейтіледі. Бұл туралы елордада өткен «AMANAT» партиясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты жиында айтылды. Жобаның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуын «AMANAT» партиясының мүшелері бақылауға алады. Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев тұрғындар осы арқылы өз ауласы мен ортақ мүлікке деген жауапкершілігін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алатынын айтты. Сондай-ақ, жиында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы фронт-офисі жұмысының нәтижелері таныстырылып, көппәтерлі тұрғын үйлер мен аулаларды басқарудың жаңа моделін өңірлерде енгізу тетіктері талқыланды.
АЛЬБЕРТ РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бүгін біз өте маңызды жобаның басталуына жол ашып отырмыз. «TURGYNDAR AMANATY» – ел тұрғындарының жартысынан көбіне бағытталған жоба. Себебі халықтың басым бөлігі көпқабатты үйлерде тұрады. Біз бұл саланы бірнеше жылдан бері реформалап келеміз. Жетістіктеріміз де бар, қиындықтар да жоқ емес. Өткен жылы тұрғын үй қатынастары туралы заңның соңғы редакциясы қабылданғаннан кейін, партияның ұйымдастырушылық және түсіндіру жұмыстарына белсенді түрде араласуы қажет екенін көріп отырмыз.