Павлодарда мұғалімдер туды өртеп, елтаңбаны балғамен ұрып сындырған. Сұмдық оқиға қаладағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің ауласында болыпты. Ұстаздар бұл әрекетін бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл қоғам наразылығын тудырды. Көпшілік мұғалімдердің әрекетін мемлекеттік ту мен елтаңбаны қорлау деп айыптады. Алайда, өңірдің білім беру басқармасы бұл қасақана жасалмағанын айтып ақталды. Айтуларынша, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 бұйрығына сәйкес мектеп комиссиясы тарапынан ұлттық стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін рәміздерді жою жұмыстары жүргізілген. Бейнежазба тек қызметтік мақсатта есеп үшін түсіріліпті. Ал видеоны кімнің әлеуметтік желіге жүктегенін білмейді.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ:
Аталған рәсім тиісті актімен рәсімделді. Іс-әрекеттердің бейне тіркеуі тек қызметтік мақсатта жүргізілген және таратуға арналмаған. Іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне тиісті деңгейде бақылау жасалмауына байланысты мектеп басшысына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Заң бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қылмыстық жауапгершілік қарастырылған. 3000 АЕК көлемінде айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тарту не болмаса, 2 жылға бас бостандығынан айыру және шектеу жазасы белгіленген. Ал рәміздерді белгіленген тәртіп бойынша жоймағандарға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.