$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Іздеуде жүрген күдікті ЖИ көмегімен түнгі клубтан ұсталды

11.02.2026ж. 19:00
Іздеуде жүрген күдікті ЖИ көмегімен түнгі клубтан ұсталды

Ақтөбеде іздеу жарияланған азамат Орал қаласындағы түнгі клубтардың бірінен ұсталды. Клубтың қасында орнатылған бейнебақылау жүйесінің арнайы бағдарламасы оның іздеу салынған адамға ұқсайтынын анықтапты. Жасанды зерде күдіктілердің дерекқорын сараптап, өзара сәйкестікке көз жеткізген. Жедел басқару орталығынан жеткен суыт хабар ізімен полицейлер күдіктіні дереу қолға түсіреді. Тексере келгенде оның Ақтөбе облысында жасалған алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілініп, іздеу салынғаны мәлім болыпты. Осыдан кейін оралдық сақшылар оны ақтөбелік әріптестеріне тапсырған. Бүгінде Орал қаласының аумағына 300 бейнекамера орнатылған. Бұл құрылғылар адамды тану қызметімен жабдықталған. Сонымен қатар басқа да құқықбұзушылықтарды өзі автоматты түрде анықтап, жедел хабар береді.

ЕРНАР СҰЛТАНҒАЛИЕВ, БҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жедел басқару орталығының бейнекамерасы түнгі клубтардың қасында тұрған азаматтардың бет-әлпеттерін анықтап, солардың арасында іздестіруде жүрген тұлғаны анықтап, полиция қызметкеріне жолдап, сол тұлға ұсталды. Қазіргі уақытта орнатылған 300 бейнекамера автоматтық режимде анықтап, сол кезде шара қолдануға біздерге септігін тигізеді.