Жапонияда қалың қардан 46 адам қаза тапты. Қаңтардың аяғынан бері ақ ұлпа 3 апта бойы тоқтамаған. Хоккайдо аралы қатты зардап шекті. Әсіресе, Аомори, Ниигата, Акита мен Ямагата префектураларында ақ жамылғының биіктігі 1,3 метрге дейін жеткен. Жергілікті билік мәліметінше, қайғылы оқиғалар жол апаттарынан емес, жеке үйлердің аулаларында болған. Мәселен, шатырды тазалаймын деп құлап кету немесе шатырдағы қар басып қалу жағдайлары көп тіркелді. Қаза тапқандардан бөлек, 558 адам зардап шеккен. Оның 198-і қатты жарақат алған. Жергілікті төтеншеліктерге көмектесу үшін Қарулы Күштер де жөнелтілген.