Трамп Әуежай мен теміржол вокзалына өзінің атын беруді талап етіп отыр. Әйтпесе, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырмаймын, - деп демократтарды бопсалап отыр. Ақ үй бұл жаңалықты бүгін растады. Канадада белгісіз біреу мектепте 10 адамды өлтіріп, өз-өзіне қол жұмсады. АҚШ Әзірбайжан мен Арменияны татуластырып қана қоймай, екі ел үшін ортақ ауқымды экономикалық жоба бастайды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Нью-Йорктегі Пенн-Стейшн теміржол вокзалы мен Вашингтондағы Даллес әуежайына менің атымды беріңдер. Әйтпесе, Нью-Джерси мен Манхеттен арасындағы теміржол құрылысына ақша бермеймін. Трамп Конгресстегі демократтардың көшбасшысы Чак Шумерді бопсалаған. Ең қызығы, бұл әңгімені Шумер жоққа шығарса, Ақ үй растап отыр.
КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Ең көп жолаушы қабылдайтын нысандарға Президенттің атасының атын беруде тұрған ештеңе жоқ. Конгрессмен Чак Шумер енді басын ала қашып отыр. Бірақ, шындықты барлығымыз білеміз. Федералды қаржыландыру болмаса, 95 мың адам жұмыссыз қалады. Жолаушылардың жағдайы не болатынын айтпай-ақ, қояйын. Шумер Президент Трампқа өзі жалынған.
Канадада қаскөй мектепте 6 адамды атып өлтірген. Тағы екі адамның мәйіті тұрғын үйде табылса, қалғандары көшеде жарақат алды. Британдық Колумбия штатының билігі қазір 10 адамның өлімін растады. Одан бөлек, 25 адам ауыр жарақат алды.
ДЭВИД ЭБИ, БРИТАНДЫҚ КОЛУМБИЯ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біздің ойымызша, атысты ұйымдастырған адам өз-өзінің басына оқ атып өлген. Өкінішке қарай, бір адамға жедел көмек көрсетсек те, ауруханаға жолда жан тәсілім етті. Қазір, екі жанның жағдайлары өте ауыр. Жансақтау бөлімінде дәрігерлер ажалмен арпалысып жатыр.
АҚШ Әзербайжан мен Арменияны татуластырумен шектеліп қалмайды. Екі елді байланыстыратын бірнеше ірі экономикалық жобаға ұйытқы болмақ. Вице-Президент Джей Ди Вэнс екі мемлекет басшыларымен де кездесу өткізді.
ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Кез-келген екі мемлекетті соғыстырмай, тату көрші ретінде ұстап тұратын басты фактор – экономикалық байланыс пен өзара сауда. 30 астам жыл бойы атыс жүрген жерде болашақта тауар айналымы болады. Пайдалы қазбалар, әсіресе, сирек кездесетін металлдарға ден қоямыз. Оның үстіне, Әзербайжанның аумағы екі жерде жатқандықтан, үлкен жолмен байланыстырамыз. Сол кезде, болашақта қайтадан соғыс басталып кетпейтініне жеке кепілдік беремін, - деп Президент Трамп уәде берді.
16 полицей жараланып, 13 адам ұсталды. Ел астанасы Тиранада жұрт наразылық акцияларына шығып, полицейлермен қақтығысқа түсті. Олар Премьер-министр Эди Рами мен оның кабинеты және партияластары отставкаға кетсін деп талап қойып отыр. Халық, қазіргі үкімет кезінде сыбайлас жемқорлық жайлап кеткенін айтуда.