Қостанайда жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған ауқымды диалог алаңы өтті. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері елдің негізгі құжатына енгізілетін алдағы өзгерістерді талқылады. Негізгі назар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, отбасы институтына және әлеуметтік саясат мәселелеріне аударылды. Бұл бағыттар соңғы Құрылтайда мемлекеттік саясаттың басымдықтары және қоғамдық диалогтың маңызды саласы ретінде ерекше аталған. Сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, Негізгі заңның ережелерін қоғам үшін түсінікті әрі тиімді етуге бағытталған сындарлы ұсыныстар әзірледі.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАҢБЫРШИНА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Ең басты нәрсе заң, тәртіп, құқық және де мынау жаңа иновацияларды қоғамның бар саласына енгізу. Адами капиталға үлкен баса мән беріліп отыр. Бұрынғы конституцияда адам мемлекетке қызмет жасаса, жаңа конституцияда мемлекет адамға қызмет жасау керек деп айтылып отыр.
Диалог алаңына қатысушылар Конституция жобасында әлеуметтік бағыттың сақталғанын атап өтті. Бұл Қазақстанның әділетті ел және әлеуметтік мемлекет құру жолындағы ұстанымын айқындай түседі. Құжатта отбасы институтының маңызына ерекше көңіл бөлінгені де айтылды.
НЕСІБЕЛІ БАСЕНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚОФ ЖАНЫНДАҒЫ ОТБАСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:
Заңда көрсетілген ең маңыздысы, ол отбасыны қорғау, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау және ата-ананың жауапкершілігін күшейту, одан қалды басқа мемлекеттік органдармен қосымша отбасын нығайту үшін, отбасына көңіл аудару үшін көп мәселелер бөлінген.