$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық рейтингі енгізіледі

AstanaTV
12.02.2026ж. 19:00
Қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық рейтингі енгізіледі

Қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық рейтингі енгізіледі. Былтыр пилоттық жобаның өзінде жүздеген заң бұзушылық анықталған. Енді 178 мыңнан астам нысанды мемлекеттік тексеруші емес, цифрлық жүйе қадағалайды.

Дәмді ас ішеміз деп денсаулығынан баз кешіп жатқандар көбеймесе азаймай тұр. Өйткені дәмханалар санитарлық талаптарға сай келмейді. Асқа адалдық сұрайтындар, тамақтанып болған соң басқа амандық сұрайды. Бұл мәселе атқа мінерлерді де толғандырмай қоймады. Былтырдан бастап медициниалық кітапшаның электронды нұсқасы енгізілсе, биылдан бастап санитарлық тексерістің цифрлық жүйесі қолданылуда.

ӘЛИЯ ЖҰМАНОВА, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Кәсіпкерлер производственный контроль деген ақпаратты жолдайды сол ақпаратта зертханалық нәтижелерін келісім дизинфекциялық, дизинсекциялық  ұйымдармен қойылған шарттарды жолдайды, және де жүргізілген актілерді енгізеді сол ақпараттық жүйеге, соның бәрін санитарлық эпидиомологиялық қызметтер қарап баға береді.

Жүйе тек нысанды емес, қызметкерлерді де назарда ұстайды. Аспаздан бастап, тазалыққа жауапты маманға дейін платформаға тіркелуі міндетті. Ең басты жаңалық  интеграция. Егер қызметкер ауырып, ауруханаға жүгінсе, жүйе бұл ақпаратты кәсіп иесіне бірден жолдайды. Бұл  дерттің таралуын алдын алады. Жұмысшының емделмей қызметке кіріспеуін қадағалайды.

Бұл дегеніміз  негізсіз тексерістер мен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол жабылады деген сөз.

МАДИНА САДЫҚОВА, МЕЙРАМХАНА ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ИЕСІ:

Шыны керек, бұрын санитарлық қызмет тексерісі туралы ойдың өзі кәсіпкерлерді стреске түсіретін. Қағазбастылық өте көп еді. Қазір e-SEN платформасы арқылы тексерістер автоматты түрде және қашықтан өтетіндіктен, бизнес еркін тыныстай алады. Сандық паспорттың арқасында біз өз олқылықтарымызды өзіміз көріп, айыппұл арқалағанға дейін түзете аламыз. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы сенімнің жаңа деңгейі деп білемін.

Жаңа жүйе енді тексерісті онлайн жасап қана қоймай, мейрамханалардың санитарлық рейтингін жариялайды. Қай жердің асханасы таза екенін анық көріп, келушілердің пікірінде ашық оқи алады.

ВЕРОНИКА НҰРПЕИСОВА, ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕЙТІН ҰЙЫМ ТӨРАҒАСЫ:

Санитарлық рейтинг әділ бәсекенің кепілі. Бұл жүйені мекемелердің ашықтығын бағалайтын отандық «Michelin гиді» деуге болады. Мұндай рейтинг көлеңкеде жұмыс істейтіндерді адал болуға ынталандырып, нарықта тек сапалы нысандардың қалуына септігін тигізеді.

Жаңа жүйе  тек бақылау құралы емес, тұтынушы қауіпсіздігі мен бизнестің беделі таразыға түсетін ашық алаң. Енді «дәмді ас» ұсыну жеткіліксіз, сол астың дайындалу барысы мен санитарлық деңгейі де мінсіз болуы шарт.