«Мектеп қауіпті ортаға айналып барады». Бұл қоғамның пікірі. Соңғы бір аптаның өзінде еліміздің әр өңірінен оқушыларға қатысты жаға ұстатар жағдайлар орын алды. Бірі балтамен жүгірген, енді бірі мылтықпен қорқытқан. Ал кей жасөспірім буллингтің кесірінен өз-өзіне қол салған. Қатігездік қайдан шықты? Назерке Алтынбек жауап іздеп көрді.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
- Көздедім. Енді ата беремін.
- Иа ата бер дайынмын.
Оқушылар арасында бір-біріне суық қару кезініп, ойнайтын көбейген. Ойынан от шығып жатқаны да жетерлік. Өзгенің өміріне қауіп төндіремін деген қорқыныштары жоқ. Тіпті қатарластарын қорқытатындар бар. Тоқташы дегенін тыңдамайды.
Жансая Майлыбаева қызына әлімжеттік көрсетіліп жүргенін ұзақ уақыт білмеген. Тараздан Астанаға келіп, жаңа мектепке ауысқалы бала тұйықтала бастаған. Бірақ себебін ашып айтпапты. Анасына шындықты қыздың сыныптасы жеткізген.
ЖАНСАЯ МАЙЛЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Сол көрші бала айтты маған. Сіздің балаңызға бүйтеді, сүйтеді деп. Содан естідім. Тебеді де қызымды, сумкасынан ұстап тұрып тепкенде, сатыдан қызым құлап түскен. Екі-үш рет солай болған. Ата-анасына шықтым, мектепке бардым, мұғаліміне айттым, бәріне ескерту болды. Тиылған жоқ ол жерде. Сосын басқа сыныпқа ауыстырғанда ғана шамалы тиылды.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Әлімжеттікпен әлем елдері де күресіп келеді. Мәселен АҚШ-та бұл жағдай қылмыс болып тіркеліп, оқушы уақытша немесе толық мектептен шығарылады. Ауыр жағдайда іс ювеналды сотқа өтеді. Кей штаттарда ата-ана айыппұл төлейді. Ал Қытайда іс мектеп әкімшілігі мен жергілікті білім басқармасы деңгейінде міндетті түрде тіркеледі, ал мектепке бақылау күшейтіледі. Ал сарапшылардың айтуынша, біздің ел алдымен тәрбие жүйесін ретке келдіру керек.
АЯТЖАН АХМЕТЖАН, БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Тәрбие өнегемен беріледі. Ал қоғам – атыс-шабыс, өлім-жітім, негізгі ақпарат көзі осы. Ал балаларды ізгілікке тәрбиелейтін ақпарат қоғамда бар ма? Қаншалықты шығып жатыр. Буллинг туған мектептің директорын алып тастау, психологын жұмыстан босату, немесе тірбие завучына сөгіс беру – бұл салдармен күрес, себеппен емес. Егер тек салдармн күресе беретін болсақ, ешқашан түбіріне жетпейміз.
Ал білім министрлігі мектеп қауіпсіздігін күшейту үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты. Қауіпсіздік талаптары қатаңдатылып, білім беру нысандарына қойылатын ережелер қайта қаралған.
ТИМУР КАСТУГАНОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Негізгі құжат – білім беру нысандарының терроризмге қарсы қауіпсіздігін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық. Мектепке алып кіруге тыйым салынған заттардың нақты тізімі бекітілді. Сонымен қатар күзет қызметтерін сатып алу бойынша үлгілік талаптар енгізілді. Күзетте кемінде екі жедел топ, радиобайланыс болуы керек. Қызметкерлердің жасы 25 пен 50 жас аралығында, дене және арнайы даярлығы болуы шарт.
Иә, қағаз жүзінде талап бар. Камера, күзет бәрі қарастырылған. Бірақ мектептегі қауіпсіздік тек металл іздегішпен өлшенбейді. Қатігездік мектеп табалдырығын аттап кірмейді. Ол қоғамнан, үйден, экраннан келеді. Сондықтан мәселе тек бақылауды күшейтуде емес, балаға қандай орта ұсынып отырғанымызда.