Елордада сырт киім сататын дүкеннен қымбат күртеше ұрлаған күдіктілер ұсталды. Елордадағы сырт киім сататын киім дүкендерінің бірінде үш ер адам өздерін сатып алушы ретінде таныстырып, сауда залына кірген. Алдын ала ойластырылған жоспар бойынша олар сатушының назарын басқа жаққа аударып, сол сәтті пайдаланған ер адамдардың бірі қымбат күртешені үстіндегі киімінің астына жасырып алған. Осыдан кейін үш ер адам дүкеннен шығып кеткен. Тауардың жоғалғанын байқаған дүкен иелері дереу полицияға хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы күдіктілер анықталып, ұсталды. Аталған дерек бойынша тұлғалар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып жасаған ұрлық үшін жауапкершілікке тартылды. Полиция ескертеді: ұрлық — мүліктің құнына қарамастан қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет. Мұндай заң бұзушылықтар ауыр құқықтық салдарға әкеледі. Азаматтарды заңды сақтауға, ал кәсіпкерлерді қырағы болуға және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына уақытылы жүгінуге шақырамыз.