$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Бақсылар салық төлей ме?

Бақсылар салық төлей ме?

«Болашақты болжап, тағдырды шешеміз» дейтіндердің жарнамасы бүгінде көшеде де, желіде де өріп жүр. Бірі «жол ашамын» десе, енді бірі «қара дуаны қайтарамын» дейді. Бұл қызметтердің бағасы да арзан емес. Миллион оқырманы бар танымал емшілердің қызметінің құны да жоғары.  Мұндай «рухани бизнес» құрғандар бүгінде мемлекетке салық төлемейді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жақында бақсы-балгерді кәсіпкер деп танып, қазынаға салық төлеуі керек деген ұсыныс айтты. Бұл қаншалықты орынды? Пайдасы мен зиянын тілші Айсәуле Съезбек бағамдайды.

Қазақстанда ресми түрде «бақсы» немесе «балгер» деген мамандық жоқ. Дегенмен, халық емшілері ретінде тіркелгендері бар. Көбіне олар «кеңес беру» немесе «психологиялық көмек» деген атпен қызмет көрсетеді. Салық органдары үшін бұл — «көлеңкелі экономика». Кейбір «танымал» балгерлердің бір қабылдауы 50 000 теңгеден басталып, бірнеше миллионға дейін жетеді.

БЛИЦ:

- Иә, барып көрдім, кейде шын айтады ғой, келеді ғой кейде.

- Мен оған негізі дұрыс қарамаймын, олай болашағын білгенге. Ол Ислам дінінде де дұрыс емес негізі.

- Телефонда барлығы онлайн болып кетті ғой, жоқ мен ондайға сенбеймін.

Бақсылықты заңдастырсақ, бюджетке салық түседі, тұтынушыға чек беріледі. Тиісінше, сапасыз қызмет үшін азаматтар құқығын қорғау мүмкіндігіне ие болар еді. Бірақ таяқтың екінші ұшы тағы бар. Бұл сала кәсіпкерлік ретінде тіркелсе, мемлекет мистиканы мойындағандай болады. Алаяқтарға «лицензия» беріп қою қаупі туады. Тиісінше аңқау елге арамзалық жасайтындар көбейеді.

ЛАУРА ЖЕКСЕМБАЕВ, ПСИХОЛОГ:

Интернет желісі арқылы онлайн барлығын былай емдеу, онлайн суды оқып беру, онлайн сынықты салу деген сияқты күштерге сене бастайды. Бұл ең бірінші адамның сауатсыздығының белгісі. Бұл сиқырлы таблетка. Яғни, адам барлығына бірден нәтижеге жеткісі келген кезде. Ал адам ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келген адам мақсатына тез жету үшін бақсыларға жүгінеді.

Қазақстанда тек «Халық емшілігі» бойынша қызмет көрсетуге рұқсат бар. Ол үшін арнайы сертификат пен кей жағдайда медициналық білім талап етіледі. Ал «болашақты болжау» — заңда медициналық та, психологиялық та көмек болып есептелмейді. Сондықтан бұл сала «сұр аймақта» қалып отыр.

ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Елімізде бақсы-балгерлерге арналған жеке экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіш коды жоқ. Сондықтан олардың нақты санын дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен, бұл қызмет түрін "Өзге де жеке қызметтер" санатына (96090 коды) жатқызуға болады. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, егер мұндай тұлғалар жалдамалы жұмысшы күшін пайдаланса немесе олардың жылдық табысы 360 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 2026 жылы 1 557 000 теңгеден асса, олар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс.

Қазақстан бұл жолда жалғыз емес. Әлемдік тәжірибеде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Мәселен, Румыния 2011 жылы ресми түрде "сиқыршылар мен балгерлерді" кәсіпкер ретінде таныды. Олар қазір 16% табыс салығын төлейді және көрсеткен қызметіне жауапты. Исландия эльфтер мен тылсым күштерге сенетіндер көп болғандықтан, бұл сала туристік қызмет ретінде лицензияланады. Ал Қытай Мұнда мистикалық қызметтерге қатаң тыйым салынған.  Әзірге Қазақстанда бақсы-балгерлерді жаппай тіркеу механизмі жоқ. Бірақ «Мобильді аударымдар» туралы заң оларды көлеңкеден шығуға мәжбүрлеуі әбден мүмкін.