$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанның бірқатар өңірінде аймақтық коалициялар жұмысын бастады

AstanaTV
13.02.2026ж. 19:00
Қазақстанның бірқатар өңірінде аймақтық коалициялар жұмысын бастады

Елдің бірқатар өңірінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция аясында аймақтық коалициялар жұмысын бастады. Жоспар бойынша 700-ге жуық іс-шара өткізу көзделген. Негізгі мақсат – тұрғындарға Жаңа Конституция жобасының мәнін жан-жақты жеткізу.

Референдум алдында Қызылордадағы аймақтық коалиция өз жұмысын бастады. Алғашқы отырыста нақты жоспар құрылып, жұмыстар жүйеленді. Коалиция мүшелері жер-жерде кездесулер өткізеді.

ИБАДУЛЛА ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа Конституция Еліміздің болашақ даму қағидаттарын белгілейтін басты құжат. Бұған немқұрайлы қарамай бүкіл қазақстандықтар осы референдумды ойдағыдай өткізуге жұмылуда. Жаңа Конституцияға өзінің жанашырлығы мен,  болашақ өзінің ұрпағының жағдайын ойлайтын болса  дауыс беруге қатысу қажети деп ойлаймын.

Шымкент қалалық коалициясы да жұмысқа кірісті. Құрамында 150 адам. Олардың арасында саяси партия өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен белсенді жастар бар. Үгіт-насихат кезеңінде коалиция мүшелері онлайн және офлайн кездесулер, пікірталастар мен түсіндіру шараларын ұйымдастырады.

БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Коалицияның құрылғанының өзі де үлкен бір қуанышты хабар деп айтуымызға болады. Себебі енді осы саяси күштердің өзі енді көптеген біздің халықтарымыз тұр. Мақсат біреу. Тек қана енді өзіміздің Жаңа конституцияның бәрі реформада бекітіп, халыққа енді осыны түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, болашағымыз өзіміздің қолымызда екенін, осының артынан нық қадаммен  алға басуымыз керек.

Ал Павлодардағы коалиция құрамына 130-дан астам мүше кірді. Олар бірлесе отырып, ауылдар мен аудандарды, қалаларды аралап, Жаңа Конституцияның мәнін түсіндіреді. Ұйым мүшелері әртүрлі сала өкілдерінен құралған және жұмыстарды жеті топқа бөліп жүргізеді.

АСЫЛБЕК ТУҒАНБАЙ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПОФ ТӨРАҒАСЫ:

Референдумға байланысты халықтың арасында мынау жаңа конституциялық реформаның конституцияға кірген өзгешеліктерін түсіндіру жұмыстарымен айналысатын болады.

Жамбылдағы аймақтық коалиция да жұмысқа жең түре кірісті. Олар референдум қарсаңында еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және тұрғындармен кездесулер өткізеді. Түсіндіру жұмыстары шалғай жатқан елді мекендер де жүргізіледі. Әр азаматтың пікірі біз үшін маңызды дейді ұйымдастырушылар.

ДАУЫЛ БЕЙСЕНҚҰЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖОФ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі жаңа ата заңымызға еңгізіліп жатқан өзгерістер барлық салаларда өзгеріс әкелуге, алға басыға алып келеді. Сондықтан әр салалардағы сала өкілдері, мамандары сол ұйымның көз көргендері бұл түсіндіру жұмыстарынан шет қалмай өз үлестерін қосуға ниеттерін білдіріп отыр.

Ал Оралдағы Коалиция құрамында алты саяси партияның өңірдегі өкілдері, мәслихат депутаттары мен жас белсенділер бар. Олар жаңа Конституцияның жобасы мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып, ғылымды, мәдениетті және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Конституцияның референдумда бекітілер жаңа жобасына Оралдың өзінен жүзден астам ұсыныс түскен. Бұл негізінен заң мен қаржы және бақылау тетіктеріне байланысты.

МҰРАТ МҰҚАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ТӨРАҒАСЫ:

Ең басты құндылық, бұл - адам, адамның құқықтары. Бұл нағыз халықтық Конституция деп атауға болады. Неге десеңіз, 4 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Біздің Батыс Қазақстан облысынан да көптеген ұсыныстар жолданды. Бұл қоғамдық ұйымдар, партиялар, мәслихаттардан көптеген, жүздің үстінде ұсыныстар түскен болатын. Солардың бірқатары қазіргі таңда жаңа Конституцияда өзінің көрінісін тапты.

Айта кетейік, Жалпыұлттық коалиция құрамына елдегі бес жетекші партияның өкілдерімен қатар 300-ден аса қоғамдық ұйым енген. Бастаманы еріктілер тобы да қолдауға дайын. Бұл -  түрлі көзқарастағы азаматтардың ортақ мақсат жолында бірігуінің айқын көрінісі.