$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Жастар Рухы» белсенділері коммуналдық сала қызметкерлеріне ыстық шай мен тәттілер таратты

«Жастар Рухы» белсенділері коммуналдық сала қызметкерлеріне ыстық шай мен тәттілер таратты

Бүгін еліміздің бірнеше өңірінде коммуналдық сала қызметкерлеріне ыстық шай мен тәттілер таратылды. Игі істі «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері ұйымдастырды. Белсенділердің айтуынша, қыс мезгіліндегі аяз бен боранға қарамастан қаланы таза ұстау ең ауыр жұмыстың бірі. Сондықтан мұндай қолдау қақаған суықта еңбек етіп жүрген жандарға жылу сыйлайды.

Бір кесе ыстық шай мен тәтті сыйлықтар. Бүгін Қарағандының коммуналдық қызмет өкілдері осындай ілтипатқа бөленді. Шаһарда күн суытып, қар қалың түскендіктен, қазір тазалықшылардың жұмысы қызған шақ. Дәстүрлі шара түрлі бригадаларды қамтыды. Жұмысшылар жастарға алғыс айтып, мұндай қамқорлық күш-қуат беріп, көңіл-күйді көтеретінін жеткізді.

ЖҰРАБЕК ЕРІМБЕТОВ, КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Әрине, өте жағымды. Мәселе бір кесе шайда емес, мәселе бізге көрсетілген көңілде. Ол шайдан да артық жылытады. Біздің еңбегімізді бағалағандарыңыз үшін рахмет, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Біз аязда да, жаңбыр мен қарда да далада жүреміз. Рахмет сіздерге!

АРАФАТ МӘЖИТОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ҚОФ ТӨРАҒАСЫ:

Әр жұмысшыға құрмет ретінде ыстық шай мен тәттілерімізді үлестірдік. Бұл біздің қаламыз үшін, әсіресе жауын-шашын көп болатын қыс мезгілінде өте маңызды. Әрбір азаматты көшеде еңбек етіп жүрген жандардың жұмысын құрметтеуге және бағалауға шақырамыз.

Қостанайлық «Жастар Рухы» белсенділері де бүгін орталық алаңға шығып, сарышұнақ аязда жұмыс істеп жүргендерге алғыс айтты. Еріктілер аула сыпырушыларға, қар тазалайтын техника жүргізушілеріне, көше мен аялдамаларды жинайтын қызметкерлерге ыстық шай таратып, жылы лебіздерін білдірді.

РУСЛАНА ҚАРПЫҚОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің өңірде аяз кейде 30-35 градусқа дейін жетеді. Осындай қиын жағдайда жұмыс істейтін коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсету — парызымыз. Біз мұндай акцияларды жиі өткіземіз. Тек көше тазалаушыларға емес, базарда, ашық аспан астында еңбек ететін жандарға да үнемі шай таратып турамыз.

ЛЮБОВЬ КИРЮШКИНА, «ТАЗА ЖОЛ» ЖШС БРИГАДИРІ:

Қыздар бірінші рет келіп тұрған жоқ, жиі дәм әкеледі. Сонымен қатар басқа да ұйымдар, банктер келіп, шай-кофе, бауырсақтарын беріп жатады. Өте ризамыз. Күні бойы далада жүргендіктен, ыстық ас ішкің келеді екен.

Ал теріскейде «Жастар Рухы» белсенділері облыс орталығын абаттандырумен айналысатын кәсіпорын қызметкерлеріне тәтті бәліштер сыйлады. Бүгін жұмысшылар қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңды қар мен мұздан тазартты.

БАЙЖАН ӘБДІРОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ СҚОФ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Күн суық болғаннан кейін осындай үлкен кісілер қаламызды күн демей, түн демей тазартады. Әрине бұл оңай жұмыс емес. Бұл кісілерге бір кішігірім көңіл бөліп, жылы шай мен тоқаштарын ұстатсақ, бұл кісілер де қуанып қалады. Бұл кісілер осындай сый-құрметке тұрарлық кісілер. Біз жиі-жиі, аптасына бір рет болсын өткізіп тұрамыз осындай акцияларды.

Белсенділердің айтуынша, мұндай игі іс дәстүрге айналған. Мұндай бастамалар коммуналдық қызметтің қоршаған ортаны таза ұстаудағы күнделікті жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте айшықтай түседі.