$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Томирис" арулары ерлерді шаң қаптырды

AstanaTV
13.02.2026ж. 19:00
"Томирис" арулары ерлерді шаң қаптырды

Қазақстанның арнайы жасағы әлемдік SWAT турнирінде қос алтын мен күміс еншілеп, жаһандық рейтингте көш бастады. Биылғы біріншілікте отандық мергендер мен тактикалық топтар нысананы көздеу дәлдігі мен кедергілерден өту жылдамдығы бойынша рекордтық көрсеткіштерді жаңартып, АҚШ пен Еуропаның ең таңдаулы бөлімшелерін артта қалдырды. 

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Дубайдың аптап ыстығында шыңдалғандар, әлемдік додада оқ бойы озып шыққандар міне, туған жерге табан тіреді. Біз қазір елорда әуежайындамыз. Мұнда білек пен білімді, айла мен айбынды ұштастырған арнайы жасақ өкілдерін салтанатты түрде қарсы алудамыз.

Додаға әлемнің 48 елінен 109 таңдаулы команда қатысып, бес күн бойы тактикалық шеберліктерін сынады. Қазақстан намысын қорғаған 5 құрама  үздік жиырмалықтың қатарынан көрініп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Турнир қорытындысы бойынша 536 ұпай жинаған «Kazakhstan C» командасы абсолютті чемпион атанып, бас жүлдені иеленді. Күміс жүлде де отандастарымыздың қанжығасында,  515 ұпаймен «Kazakhstan A» екінші сатыға жайғасты.

ЕРБОЛ МАҚАЖАНОВ, МКҚ КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сезім айтып жеткізе алмаймыз керемет енді, біз осы дайындықты президентіміздің қолдауымен басшыларымыздың қолдауымен, осындай дәрежеге жету үшін көп дайындық өтті. Жарты жыл отбасымызды көрмей дайындалдық, өте көп күш кетті.

«Томирис» әйелдер командасы  мықтылығын іс жүзінде дәлелдеді. Ерлермен иық тірескен арулар 109 құраманың ішінде жалпы есепте 18-орынға табан тіреп, әлем бойынша барлық әйелдер командаларының арасында үздік нәтижемен 1-орынды иеленді. 

БАЛНҰР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, "ТОМИРИС" ӘЙЕЛДЕР КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Биылғы дайындық өзгеше болды, біз алдыңғы жылы 3 ай дайындалсақ, биыл алты ай дайындалдық. Сол 6 айдың ішінде 2 айын Дубайда жаттығу болды. Қиын болды ауасы қиын болды барып жүгіргенде, өкпең қысылып деген сияқты.Бірақ бізді "Сұңқар" нұсқаушылары өте керемет үлкен деңгейде дайындады бізді.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов сарбаздарды жеңістерімен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан алғыс білдірді.

ҒИЗАТ НҰРДӘУЛЕТОВ, ҚР ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Еліміздің МКҚ, ҰҚК және ІІМ құралған 5 команда үлкен жеңіске жетті. Сол себепті мемлекет басшысы сіздерге үлкен алғыс білдірді жоғары деңгейде марапаттау туралы тапсырма берді. Сіздердің жеңістеріңіздің арқасында БАӘ еліміздің туы көтеріліп, әнұраны айтылды, бұл жеңістеріңіз жастарға үлгі өнеге.

Халықаралық доданың жалпы жүлде қорындағы 170 мың доллардан астам қаржының  басым бөлігі біздің  қоржынға түсті. Әлемдік сарапшылар Қазақстанның әскери даярлық мектебін осы жылдың ең үздік жүйесі деп танып,  жоғары баға берді.