$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Ешкімге ешнәрсе айтпаңыз": Павлодарда зейнеткер 10 мың долларын алаяқтарға беріп қоя жаздады

14.02.2026ж. 07:47
"Ешкімге ешнәрсе айтпаңыз": Павлодарда зейнеткер 10 мың долларын алаяқтарға беріп қоя жаздады
Polisia.kz

Павлодар қаласында зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Қаскөйлер оны қорқытып, жинаған 10 мың долларын беруге көндірмек болған. Алайда полиция мен банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында қылмыстың алды дер кезінде алынды. Зейнеткердің айтуынша, оған бейтаныс ер адам қоңырау шалып, өзін Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелге бұрын жұмыс істеген кезінде алаяқтарға ақша аударуға көмектескен адамдардың тізіміне іліккенін айтып, соған байланысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін жеткізген.

– Мен зейнеткерлікке шыққаныма 13 жыл болды. Соған қарамастан қатты қорқып, белгісіз адамдардың барлық нұсқауын бұлжытпай орындадым. Екі күн бойы олар маған қайта-қайта қоңырау шалып, ешкімге айтпауымды және байланыста болуымды талап етті. Кейін такси шақырып, банктен ақшамды шешіп, оны долларға айырбастап, Грузияға аударуды тапсырды. Сонымен қатар банк қызметкерлерін күмәндандырмау үшін ірі соманы не мақсатта аударып жатқанымды ойлап табуымды айтты, – дейді зейнеткер.

Банк кассасына келгенде кассир оған ақша аударымының мақсаты мен алушысы туралы сұрақтар қойған. Әйел қаражатты "жиеніне" жібермек болғанын айтқан. Банк қызметкері күдіктеніп, қауіпсіздік қызметін, ал олар өз кезегінде полицияны шақырған. Нәтижесінде екі күн бойы зейнеткерді бақылауда ұстаған адамдардың алаяқтар екені анықталды.

– Полиция қызметкерлері мен банк мамандарына үлкен алғысымды білдіремін, – дейді зейнеткер.

Полиция азаматтарға тағы да ескерту жасайды: егде жастағы адамдар – телефон алаяқтарының ең осал нысанасы. Осыған байланысты тұрғындарға барынша сақ болуға шақырады. Есте ұстаған жөн: банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефоннан құпия кодтарды сұрамайды және ақша аударуды талап етпейді.