Ал Оралда бір-бірін жарты ғасыр бойы іздеген бауырлар қауышты. Анасынан айрылып, балалар үйіне тапсырылған ағайындының кенже інісі Аманбек Зинурашевті 54 жыл бойы іздеген көрінеді. Бір әулеттің өмірлік сағынышына айналған азамат Оралдағы әлеуметтік орталықтан табылды.
Телефонға телмірген қос мұңлықтың бірі қазір Ақтөбеде, енді бірі Оралда. Бір-бірін бала кезден көрмеген бауырлар енді сымсыз байланыс арқылы шерін тарқатып отыр. Айтуларынша, анасынан айрылған төрт бүлдіршінді туыстары балалар үйіне тапсырған. Көп ұзамай денсаулығында ақауы бар деген себеппен отбасының кенжесі Аманбекті басқа мекемеге ауыстырыпты. Үш жасар інісінен тірілей айрылған ағайындылардың іздегені 54 жылдан кейін табылды.
ЖЕТПІСБАЙ ҚАСМҰХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ағайындармен кездесіп, айтып бәрін қуанып жатырмыз бәрін жан-жақтан. Бауырымды қалдырмаймын. Қалған уақыты, қалған өмірі менің қасымда өтсін енді. Мұны көрмегеніме 54 жыл болды ғой. Біз өскеннен кейін, армиядан келгеннен кейін мен бастап іздедім. Әкем қайтқаннан кейін.
Қазір Аманбек 57 жаста, денсаулығына байланысты 43 жылдан бері әлеуметтік орталықта тұрады. Әлдебір себеппен фамилиясының өзгертілуі іздеуді қиындатыпты. Бірақ бұған мойымаған бауырлары інісінің дерегі табылған күні Ақтөбеден жетіп, құшағына басты.
Тағдыр тәлкегіне түскен ағайындыны алаяқтар да аямапты. Кейбірі тіпті өзін Аманбектің баласымын деп таныстырып, жерлеу рәсіміне ақша сұраған. Сондықтан туыстығына көз жеткізу үшін құжаттары мұқият тексеріледі.
АРМАН ДАУЛЕТОВ, АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Құлақ мүкістігі бар, сосын тілінің сөйлеу мүкістігі бар. Достарына менің братым бар деп айтып жүрген. Өзі негізі орыстілді жаңағы, қазақша көп түсіне бермейді. Солай айтып жүрген. Туыстарының қатарына барғысы келеді қастарына. Жалпы қуанышты жағдайда өзінің бет-әлпеті де, жүріс-тұрысы. Кеше бір күнге серуенге шығып келді туыстарымен. Жақсы қуанышты жағдайда жүр.
Ағасы Аманбекті үйіме алып кетемін дейді. 54 жылға созылған өмірлік сағынышын осылай баспақ. Аманбек те бала кезде көз жазып қалған бауырларымен қауышар күнді асыға күтіп жүр.