$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Сancel culture» әділдік пе, асыра сілтеу ме?

AstanaTV
16.02.2026ж. 19:00
«Сancel culture» әділдік пе, асыра сілтеу ме?

Әлеуметтік желіде жаппай айыптау мен бойкот жасау жиілеп кетті. Қоғамда «кәнсілдеу мәдениеті» аталып кеткен бұл құбылыс танымал тұлғалар мен кәсіпорындардың қызметіне тікелей әсер етуде. Бірі мұны әділдікке қол жеткізудің жаңа тетігі деп қабылдаса, енді бірі қоғамдық қысымның қауіпті формасы деп бағалайды. Мәселенің мәні неде? Айғаным Тұрысбек тарқатады

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Соңғы жылдары ел ішінде танымал тұлғалар мен  кәсіпорындарға жасалған бойкоттар көбейіп барады. Айтылған әр сөз бен әрекет қоғам талқысына түсіп, кейбірі мансабынан да айырылып жатыр. Әлеуметтік желіде мұны «cancel culture», яғни кәнсілдеу мәдениеті деп атайды. Белгілі бір адамды теріс әрекеті үшін қоғамдық қолдаудан айыру - концертке бармау, өнімін алмау, келісімшарттарды тоқтату. Термин Батыстан шыққан. Бүгінде бұл жазылмаған қоғамдық заң іспетті. Кәнсілдеу мәдениеті - әділ жаза ма, әлде шектен шыққан қоғамдық үкім бе?

БЛИЦ:

- Көп болып қарсы келгенде, қателігін бетіне басқанда бірақ түсінуі мүмкін.

- Негізі дұрыс емес. Кейде артық кетіп қалады.

- Мен ешкімге кәнсіл жасаған емеспін бірақ бұл кейде керек болады. Мысалы, бір жас жігітке мейрамхана айлығын төлемегенде қоғам болып қарсы шықты. Нәтижесінде оған ақшасын берді.

- Дұрыс, айту керек. Адамдар кімнің қандай екенін білу керек.

Әлеуметтік желідегі жаппай айыптау кейде нақты деректен гөрі эмоцияға негізделеді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталмай жатып, көпшілік қысымы қалыптасып, қоғамдық қолдаудан айыру процесі басталып кетеді. Сарапшылар мұндай резонанс қоғамды тез жұмылдырғанымен, ашық талқылаудың орнына айыптау мен таңбалауға ұласуы мүмкін екенін айтады.

КӘРІМ ЖҰЛДЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Кез-келген сын айтқан кезде жалпы резонанстыө оқиға әсіресе әлеуметтік желілерде шыөөан кезде бұл топтастыруға яғни мобилизацияға ұшыратады. Әдетте, бұл сын айту тек қателік жасаған тұлғаға емес бүкіл қоғамдық ортаға конфликтогендік поенциалын алып келеді.

Бұл мәселе конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында да көтерілді. Онда қоғамдық пікірталастың қорлау мен қудалауға ұласпауы маңызды екені атап өтілді. Яғни кез келген сын нақты шешімдер мен әрекеттерге бағытталуы тиіс.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасында осыған сай нақты құндылықтық шекара айқындалған: адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті қол сұғылмайды және заңмен қорғалады. Бұл - сынға тыйым салу деген сөз емес. Шешімдерді сынауға болады, ұстанымдармен келіспеуге, пікірталас жүргізуге болады. Алайда адамды «жоққа шығару», оның қадір-қасиетін таптау - жол берілмейтін әрекет.

Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдай аз емес. 2022 жылы Оңтүстік Кореяда жас актрисаның қоғамдық қысымнан кейін өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Елімізде де даулы жағдайдан кейін белгілі актер түсірілімдерден шеттетіліп, жобалардан алынып тасталды. Мамандар сын мен қорлаудың ара-жігін ажырату маңызды екенін ескертеді. Айтылған сөз атылған оқ сияқты, кері қайтарымы болмайтын салдар тудыруы мүмкін.