$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Иран билігін ауыстыруға ниетті

Трамп Иран билігін ауыстыруға ниетті

Трамп Иран билігін ауыстыруға ниетті. Әйтпесе, диалог құру мүмкін болмай бара жатыр, - дейді АҚШ Президенті. Ал Мюнхенде НАТО одағының болашағы жайлы конференция өтті. Одақтастар Альянс болашағы бекем екеніне сендірді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Бүкіл әлемнің назары АҚШ-тың екінші әуе тасымалдайтын кемесіне ауып отыр. Кариб теңізінен Парсы Шығанағына бет алған ең заманауи кеме діттеген жеріне жетіп те қалды. Трамп болса, Иранға қысымын арттырып келеді. АҚШ Президенті Ирандағы биліктің ауысуынан мүдделі екендігін ашық айтты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Иран халқы қазіргі билікті өз қолдарына алса, мен қуанатын едім. Себебі, осы режим 47 жыл бойы оттағаннан басқа түк бітірмеді. Дәл сол кезде билік адамдарды асқан айуандықпен өлтіріп, білгендерін істеді. Қаншама адамның өмірі қыршын қиылды. Сондықтан, басқа нәрсе тілей алмаймын.

АҚШ пен Еуропа арасындағы сенімді қалай қалпына келтіреміз? Мюнхенде жылда өтетін қауіпсіздік конференциясының тақырыбы осындай болды. Эммануэль Макрон мен оның даниялық әріптестері АҚШ саясатын қатаң сынағанымен, Германия басшысы көпшілікті сабырға шақырды.

ФРИДРИХ МЕРЦ, ГЕРМАНИЯ КАНЦЛЕРІ:

Атлант теңізінің екі жағы қарс айырылғаны рас. Америкадағы «Мәдени соғыс», әлбетте, біздің ұстаным емес. Біз тарифке қарсымыз, еркін сауда жасағымыз келеді. Дегенмен, АҚШ-тың Еуропасыз күн көруі қиын. Ал, Кәрі Құрлық мүлдем қауіп-қатерге тап болады. Сондықтан, күш – бірлікте екенін түсінуіміз керек.

Біз ешқашан еуропалық одақтастарымыздан теріс айналмаймыз. АҚШ Мемлекеттік хатшысы көпшіліктің көңілін жұбатты. Уақыт тауып, Украина Президентімен де кездескен Марко Рубио, АҚШ НАТО-ның сақталып қана қалмай, ары қарай дамуын басты назарда ұстайтынына сендірді.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Біз қашан да Кәрі Құрлықпен тағдырлас бауыр болып қала береміз. Адамзат тарихындағы ең озық өркениетті ары қарай да дамытуды көздейміз. Америкалықтар сіздердің көздеріңізге дөрекі болып көрінуі мүмкін. Бірақ, біз қашан да Еуропадан тараған, балаларыңыз болып қала береміз.

Америкалық қос компания Қытайға қарсы күш біріктірмек. Илон Маск пен Джеф Безостың ғарыш компаниялары өздерінің басқа жобаларын ысырып қойып, Ай бетіне адам апаруды бірінші орынға қойды. Қытай жер серігіне 2030 жылы адамдарды бірінші болып апару жоспарын жүзеге асырып жатқандықтан, америкалық миллиардерлер алдын орамақ.