$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Петропавлда мас күйде жүргендер мен заң бұзушылар жауапқа тартылды

17.02.2026ж. 08:38
Петропавлда мас күйде жүргендер мен заң бұзушылар жауапқа тартылды
Polisia.kz

Петропавл қаласында криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ауқымды рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында ойын-сауық мекемелері, құқық бұзушылық жиі тіркелетін мекенжайлар және профилактикалық есепте тұрған азаматтар ерекше бақылауға алынды.

Рейд қорытындысы бойынша 68 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 28-і, яғни жартысына жуығы алкогольге қатысты заңнама талаптарын бұзуға байланысты. Атап айтқанда сот шешімімен спирттік ішімдік ішуге тыйым салынған 15 азаматтың төртеуі мас күйінде ұсталды. Сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған екі қала тұрғынының да алкоголь ішкені белгілі болды. Аталған санаттағы азаматтарға ішімдік тұтынуға заң жүзінде тыйым салынған. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, алкоголь өнімін сатуға лицензиясы бар дүкендердің бірінде 21 жасқа толмаған азаматқа сыра сатылғаны анықталды. Бұл дерек бойынша айыппұл салу және лицензияның қолданылуын уақытша тоқтату мәселесі қарастырылуда. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 21 дерек тіркелді. Проблемалық мекенжайларды тексеру барысында екі отбасылық жанжал фактісі анықталды. Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, алкогольге байланысты құқық бұзушылықтар өңірдегі криминогендік ахуалға елеулі ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту мақсатында мұндай рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.