Түркістан облысында 20 жастағы жігітті 30 шақты адам өлімші етіп сабап кеткен. Бұл жағдай Сайрам ауданында болған. Қазір бір аптадан бері ауруханада ауыр халде жатқан жігіттің туыстары кінәлілер көп болғанымен, күдікке іліккен екеу ғана екенін айтады. Әрі оларды әлі қамауға алмады деп ашынады. Жәбірленушінің жақындары жанжалдың басы оқиға болған 7-ақпан күні күндіз көкпарда басталған дейді. Тыныш тарасқанмен , сол күні кешкісін кездесуге шақырғандар үш балаға топ болып жабылғанын жеткізді. Туыстарының айтуынша, ес-түссіз құлаған Акбаржан Абдимажитов құлаған кезде де басынан тепкілеген. Кейін оны адам жоқ жерге апарып тастап кеткен көрінеді. Бір аптадай жансақтау бөлімінде жатып, палатаға енді ғана ауыстырылғанмен науқас әлі тілге келе қоймады дейді жақындары.
МАМАДКӘРІМ НИЯЗТАЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ТУЫСЫ:
Біздің бала ол жерге барған кезде бір топ 25-30 шақты адам болған. +Жиналып тұрған адамдар Акбаржанды ұрып-соғып, ессіз түссіз денесіне судоргы беретін жағдайда ұрып тастаған. И және бастарынан теуіп, қинаған. Табылған кезде ес-түсін білмейтін ауыр ахуалда болған.
Бұл жағдайға қатысты облыстық полиция департаменті қажетті іс-шараларды атқарып, жанжалдың барлық қатысушыларын, сондай-ақ оқиғаның куәларын анықтағандарын хабарлады. «Бұзақылық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті екі тұрғын ұсталды.
БАУЫРЖАН ЗИЯТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ұсталғандарға қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда. Туыстарының айтқан уәждері зерттеліп, тексерілетін болады. Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.