$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«АҚШ мені биліктен айырғысы келіп отыр», - Зеленский

«АҚШ мені биліктен айырғысы келіп отыр», - Зеленский

АҚШ мені биліктен тайдырғысы келіп отыр. Украина Президенті Владимир Зеленский өзіне қайта қысым жасалып жатқанын айтты. Ал, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио елдің қатысы жоқ екенін айтып ақталуға тырысты. Израиль болса, Палестинаның жерін тартып алуды бастады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Соғысқа душар болып, халқымыз үйлерінде тоңып жатқанда, қайдағы сайлау? Владимир Зеленский қайтадан ашуын жеткізді. Оның айтуынша, келіссөз қарқыны қатты болмағандықтан, АҚШ Украинадағы билікті ауыстырғысы келіп отыр. Президенттің айтуынша, соғыс тоқтаған соң, 2-3 ай өтпей сайлау өтеді.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Қарапайым заттарды түсіндіруге тура келетін жағдайларда күлкім келеді. Соғыс болып жатқан жерде қалай учаске ашып, адам жинауға болады? Мен де, біздің Парламент те заңнан асып кете алмаймыз. Халықтың 90 пайызы дәл қазір сайлау өткізуді құптамайды да.

Кәрі құрлықты аралап жүрген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио барынша ақталуға тырысты. Венгрияға сапары барысында журналистер келіссөз бойынша Украинаға жасалған қысым туралы сұрады. Бірақ, сыртқы саяси ведомство басшысы мойындамады.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

АҚШ ешкімді ештеңеге мәжбүрлемейді. Әсіресе, Украинаны. Алыпқашпа әңгімелер көп болатынын түсінеміз. Бірақ, Украинадағы билік трансформациясы бізге қызық емес. Ал, соғысты тоқтату туралы келіссөздерде белсенді позиция ұстанатынымыз рас. Алайда, Президент Зеленскийге келісімге қол қою үшін қысым көрсетті деген әңгіме бүкіл АҚШ-қа жала қапқанмен бірдей.

Израиль билігі Палестина жерін басып алу әрекетін бастады. Үкімет жергілікті тұрғындардың жерін күштеп, израильдіктерге сату туралы шешім шығарды. Палестиналықтар енді жерімізден айырыламыз ба деп дабыл қағуда. Бұл шешімге израильдік оппозицияонерлер де қарсы.

ХАГАТ АФРОН, PEACE NOW ИЗРАИЛЬДІК ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл шара Палестинаның бүкіл аумағын бақылауға алу үшін істеліп жатқандығы айдан анық. Ал, жергілікті арабтар өз жеріне өздері иелік ете алмай қалады және өзінің дұрыстығын да дәлелдей алмайды. Сондықтан, біз биліктің бұл шешіміне барынша қарсыласып жатырмыз. Алайда, күшіміз жетпейді.

Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауы ғана емес, Бейбітшілік орнады деген Газа секторына да озбырлығын тоқтата қоймады. Халықаралық келісімдер жасалғанына қарамастан, Хан-Юнис қаласына шабуыл жасап, 11 адамның өмірін қиды. Жергілікті жұрт, олардың лаңкестерге тұрмақ, ХАМАС ұйымына да қатысы болмағанын айтуда.