$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елімізде 600-ден астам компания ештеңе өндірмесе де мемлекеттен көмек алып отырған

Елімізде 600-ден астам компания ештеңе өндірмесе де мемлекеттен көмек алып отырған

Елімізде 600-ден астам компания ештеңе өндірмесе де мемлекеттен көмек алып отырған.  Жалған компаниялар қазақстандық өндірушілердің нақты тізімін жүргізу кезінде анықталды. Енді кәсіпорындар тоқсан сайын скринингтен өтеді. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымына да өзгеріс енеді. Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Былтыр бірқатар компания ештеңе өндірмесе де, нарықта жұмыс істеген. Олар көрші елдерден тауар әкеліп, оны отандық өнім ретінде саудалапты. Бұл  отандық өндірушілерді тексеру кезінде анықталған.  2 мыңға жуық өндірушінің 900-і ғана өзін дәлелдеген. Ал 600 компания жалған болып шықты.  

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Жалған өндірушілерді анықтау үшін тоқсан сайын скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар, барлық кәсіпорын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарды, соның ішінде өз қызметі туралы бейнеесеп ұсынуы қажет. Қазір біз бұл жұмыспен күн сайын айналысып жатырмыз.

Осыған байланысты үкімет жаңа жүйені іске қосты. Отандық тауар өндірушілердің реестрі ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап іске қосылады. Бұдан басқа, Үкімет энергетика секторын дамыту үшін мұнай өңдеу қуатын арттыруды көздеп отыр.

ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында 2026-2033 жылдары қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу жоспарланған. Бұл еліміздің мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы арқылы үкімет 2033 жылы авиакеросиннің тапшылығын жойып, көршілес елдерге дизель отыны мен бензинді экспорттамақ. Биыл жалпы ішкі өнім өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түскен. Олжас Бектенов бұл қарқынды екі еселеу міндетін қойды. Ол үшін өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым, яғни бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек.

Бұған байланысты Үкімет басшысы өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай уақыт берді. Осы аралық мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуы тиіс. Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға оң серпін беруі керек.