$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда фас-фуд әзірлейтін мекеме аутизмі бар қызметкерін жұмыстан қуған

AstanaTV
17.02.2026ж. 19:00
Алматыда фас-фуд әзірлейтін мекеме аутизмі бар қызметкерін жұмыстан қуған

Алматыда фас-фуд әзірлейтін мекеме аутизмі бар қызметкерін жұмыстан қуған. Қызметтен шеттетілген Әлібек Қаратайдың анасы ұлына басшылық тарапынан қысым көрсетілгенін айтып, әлеуметтік желіде көмек сұрады. Бұл мәселе қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мәселеге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласты.

Жанат Қаратайдың айтуынша, танымал дәмханада 4 жыл аспаз болып, адал еңбек еткен ұлын жаңа басшы жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүрлеген. 

ЖАНАТ ҚАРАТАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Желтоқсан айының ортасында бізге Әлібекке өз еркімен жұмыстан кетуі керек деген хабар жетті. Мұны Әлібектің тікелей басшысы айтты. Мен оған біздің елде басқа мәдени әрі әлеуметтік құндылықтар бар екенін, қоғамымыз инклюзивті екенін түсіндірдім. Біз ерекше жандарды қолдаймыз, бұл – мәдениетіміздің бір бөлігі. Ал ол маған мұны білуге міндетті емеспін деді.

Бұл оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде жұрт  жігітті қолдап, тіпті фас-фуд желісіне байкот жариялау туралы үндеу таратты.

БЛИЦ:

- Кез келген адамның жұмыс істеуге құқығы бар.

- Мүмкін өз отбасын асырап отқан тұрғын болуы мүмкін.

- Аутизм жәй ғана диагноз екенін білемін. Бірақ аспазды шығаруға себеп емес деп ойлаймын.

Компания бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Олар таратқан ақпаратта Әлібек Қаратайдың жұмыстан шықпағаны, әлі де компания қызметкері екені жазылған.  Жұмыстан босату туралы шешім қабылданбаған.

BURGER KING KAZAKHSTAN:

2026 жылғы 29 қаңтарда HR департаментіне қызметкердің демалыс ресімдеу ниеті туралы хабарлама келіп түсті. Осыдан кейін Әлібек жұмысқа шығуды уақытша тоқтатты, бұл ретте компанияға белгіленген нысандағы ресми хабарлама келген жоқ.

6 ақпанда осы қызметкердің анасы Жанат Қаратай компанияға өз атынан жазылған еңбек қатынастарын тоқтату туралы өтінішті табыстады. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бойынша мұндай өтініштерді қызметкер тікелей ресімдеуге тиіс.

Қазір ұйым ішінде қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданған.   Мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауында.