Ақтөбеде өткен ғасырда салынған жатақхананың жағдайы тұрғындарды алаңдатып отыр. Тозығы жеткен ғимаратта электр желілері мен жертөле әбден ескірген.Төбеден су ағады. Ішінен қолаңса иіс шығады. Қабырғалары мен төбесі шытынап кеткен. Ал желді күндері үйдің іші азынгап, тұрғындар бүрсең қағады.
Бұл жатақхана өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Ол кезде тігін фабрикасында жұмыс істеген азаматтарға уақытша баспана ретінде беріліпті. Ғимараттың әр қабатында бір бөлмелі 10 пәтер бар. Асхана, санитарлық жүйе-ортақ.
АҚТОЛҚЫН НҰРЛЫБАЕВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Үйдің іші сырость, жаңағы көргеніңіздей мына кірпіш құлап жатыр. Уже өтуге былай-былай қорқамыз. Алдымыз көктем мен жаз келе жатыр. Үлкен ұлым да бронхит болды, одан кейін кішім 2 жаста ол да бронхит болып жатыр. Ол сыростьты кетіре алмадым мен.
ГҮЛНАЗ ЕРМЕКБАЕВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Баспана сұраймыз, хоть мынаны ауыстырып берсе де әйтеуір, кредитке берсін. Үйімізді бағаласын мысалы үшін. Ол біздің үйімізді бесплатно алғысы келеді, бізге квартираға бергісі келеді кредит. Бізге не выгодно. Мен мысалы үшін бұны деген акиматтан бесплатно алып отырған жоқпын. Өз қалтамнан өз еңбегіммен сатып алып отырмын мысалы.
Тұрғындар үйдің қабырғалары көгеріп, ылғал тартуына байланысты балалар өкпе демікпесі мен пневмонияға шалдыққанын айтады. Кез-келген уақытта төтенше жағдай орын алуы мүмкін деп қауіптенеді. Айта кетейік, бұл жатақхана үш жыл бұрын апатты деп танылған. 225 отбасы тұрып жатыр.
АСИМА ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Реновациялық немесе инвесторларды тарту арқылы жұмыстанып жатырмыз. Ары қарата енді қалай болатыны қазіргі уақытта белгісіз болып отыр.
Тұрғындар тұрғын үй кезегіне қойылғанымен, нақты қоныс аудару мерзімі әлі белгісіз. Ал қауіптің ортасында өмір сүріп жатқан жұрт үшін әр күн тәуекел.