$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елімізде 7 мыңнан астам адам бала асырап алу кезегінде тұр

AstanaTV
17.02.2026ж. 19:00
Елімізде 7 мыңнан астам адам бала асырап алу кезегінде тұр

Елімізде 7 мыңнан астам адам бала асырап алу үшін кезекте тұр. Ал балалар үйінде 3 мыңнан аса бүлдіршін бар. Сәби сүюді жылдап күтетіндер көп болғанымен, жылына небәрі 150 бала жаңа жанұяға жіберіледі. Өйткені өзгенің перзентін бауырға басу жолы тым күрделі дейді тұрғындар. Қағазбастылық дендеп тұрғанын айтады. Сонымен, бала асырап алудың шарты қандай? Тілшіміз Аружан Задабек тарқатады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Соңғы 10 жылда ТМД елдерінде балалар үйі үш есе азайды. 2010 жылы 300-ден аса мекеме болса, 2024 жылы олардың саны 80-ге жетпеген. Қазақстан да осы бағытта жүйелі жұмыс істеп келеді. Үш жылда ата-анасын үзіле күткендердің саны едәуір азайған. Қазір тек 111 орталық жұмыс істейді.

Елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған бала бар. Оның 80 проценті, яғни 17 мың бүлдіршін қазір отбасында тәрбиеленуде. Қалған үш жарым мыңы балалар үйінде.

Ал перзент сүйгім келеді деп кезек күткен отбасы саны бұдан да көп. Олар бала асырап алу процесі тым күрделі дейді.

Елде 2023 жылы 194, ал 2024-те 153 бала жаңа отбасына берілген. Ал сәбилер үйінен сәби сүюді аңсаған адам саны – 7 мың. Логикаға салсаң, осынша адам кезекте тұрғанда бір жылда небәрі 150 перзенттің жанұяға берілуі ақылға сыймайтындай көрінеді. Мұны депутаттар да айтып жүр.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Өкінішке қарай, көптеген жетімдеріміз балалар үйінде тәрбиеленіп, отбасының жылуын сезінбей өседі. Бұл олардың болашақта қоғамға бейімделуін қиындатады. Қазіргі таңда жетім балаларды қамқорлығына алғысы келетін азаматтар бюрократияға тап болып, бала асырап алу броцессі бірнеше айға, тіпті жылдарға созылып кететінін алға тартуда.

Құжат рәсімдеу қиын дейін десең, шарт бойынша тек мына талаптар бар. Өтінімді үйден шықпай-ақ, eGov арқылы жинауға болады. Отбасы психологиялық дайындықтан өткен соң сертификатын алып, қамқормшылық органға жүгінеді. Олармен әңгімелесу жүргізіледі. Тұрмыстық жағдайы тексеріліп, қорытынды шығады.

Елде сәбиді бауырына басып, артынша қиындыққа төзбей, қайта өткізіп жіберетіндер де бар. Қоғам белсендісі процестің тым күрделі болуы осыған байланысты болуы мүмкін дейді.

АЙША ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Балаға жәрдемақы көзі ретінде қарау бірінші себеп деп ойлаймын. Сол арқылы өздерінің материалдық жағдайларын жасап, осы мақсатты көздеушілік бар. Оны жасыруға болмайды. Оның сыртында тағы бір жағдай, бала асырап алуға отбасылардың моральдық-психологиялық дайындықтың аздығы.

Осындай мәселе қайталанбауы үшін жуырда кәсіби қабылдаушы отбасы формасы жұмысын бастады. Бұл жоба арқылы бала отбасыға уақытша беріледі. Мерзімі – 6 айдан 1 жылға дейін. Егер бүлдіршін жаңа жанұясына сіңісіп кете аласа, өздерінде қалдырады.

Бұл жобада үміткерге қойылатын талаптар мынандай. Ата-ананың жасы 30-63 аралығында болуы шарт. Сотталмаған, дені сау, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмауы керек. Тұрақты табысының болуы міндетті.  Бұдан бөлек, үш ай арнайы оқудан өтуі тиіс. Бірақ мұндай отбасыға бала таңдау құқығы берілмейді. Бас тартуына да рұқсат жоқ. Диагнозы бар, ерекше бала болуы мүмкін.

ЮЛИЯ ОВЕЧКИНА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәсіби қабылдаушы отбасы баланы таңдай алмайды. Жобаның ерекшелігі осында. Олардың әр балаға шаққанда 15 шаршы метрден үйі болуы керек. Ал баланың туыстары кәсіби қабылдаушы отбасыға үміткер бола алмайды. Бүлдіршіндер жаңа жанұяға берілген соң оны қамқоршылық органдары жиі тексеріп бақылап отырады.

Осы жүйе арқылы бала асырап алғандар әр балаға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем алады. Әрі бас-көз болғаны үшін 140 айлық есептік көрсеткіш төленеді. Бұл, шамамен, 600 мың теңге.

ФАРИДА РАХМЕТОВА, ҰЛТТЫҚ БАЛА АСЫРАП АЛУ АГЕНТТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Кәсіби қабылдаушы отбасына түсетін балалардың мекемеге қатысы жоқ. Бала күтпеген жерден ата-анасының қамқорлығынсыз қалатын болса, оны бірден мекемеге жеткізбей, кәсіби қабылдаушы отбасына орналастырылады. Сол кезде міндетті түрде ата-анасы және туыстарымен жұмыс жүргізіледі.

Қазақстан мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан балаларды шетел азаматтары да асырап ала алады. Бірақ бәрін емес. Егер 500-ден аса азамат бүлдіршіннен бас тартса ғана рұқсат бар.  Сонын өзінде бұл мүмкіндік барлық мемлекетке бірдей берілмейді. Арнайы рұқсаты бар ел тізімдері бекітілген.