Жалпыұлттық коалиция мүшелері Шымкентте де кездесулер өткізді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған топ Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өткен жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын талқылады. Мәжіліс төрағасы құжатта әділеттілік, заң мен тәртіп, білім мен ғылымды дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау қағидаттары көрініс тапқанын атап өтті. Коалиция мүшелері коммуналдық қызметкерлермен, мұнай өңдеу зауыты жұмысшыларымен, мәдениет саласы өкілдерімен және спортшылармен де кездесті. Еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғаныс, әділ еңбекақы, экология, ұлттық бірегейлік пен патриотизм мәселелері сөз болды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
Біз енді биік мұратқа бастайтын үлкен жолға қарай тағы да аттанып бара жатырмыз. Алдымызда ауқымды іргелістер тұр. Оған біз қашан және қалай жетеміз? Біз тек әділет салтанат құрған кезде ғана жетеміз. Заң мен тәртіп үстемдік құрған кезде ғана жетеміз. Жастарымыз ғылым мен білімнің, иновация мен технологияның тілін толық игерсе ғана жетеміз. Оған мың жылдық тарихымызбен, төл мәдениетімізбен жетеміз. Осының бәрі осы жаңа конституцияда таңба басқандай көрініс тауып отыр.
АРДАҚ МОНТАЕВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ «САЯСАТТАНУ» КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Әлемдегі геосаяси жағдайлардың тұрақсызданып, әлемде ынтымақ пен бірліктің, қауіпсіздіктің деңгейі төмендеуде. Әр мемлекет өзінің ішкі саясатын осындай жағдайда нығайтып, институттарын берік ұстауға мәжбүр. Осы жағдайда біздің Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынып отырған Конституциялық жаңаруы ол тек уақыт талабы ғана емес, ол стратегиялық қажеттілік.