$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыдағы қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі — екпе алмаған балалар

17.02.2026ж. 20:24
Алматыдағы қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі — екпе алмаған балалар
Фото: iStock

Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, аурудың өсімі былтырғы қарашада басталып, сол кезде 30 адам тіркелді. Желтоқсанда олардың саны 142-ге дейін жетті. Жылдың басынан бері өсім жалғасып, қазір қызылшамен ауырған 482 адам тіркелген.

— Науқастардың басым көпшілігі — қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар. Бұл инфекцияның таралып, ауру ошақтарының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан екпе алуды елемеуге болмайды, — дейді Әсел Қалықова.

Ауруы расталғандардың 451-і, 93,5%-ы 14 жасқа дейінгі балалар болып шықты. Жасөспірімдер — 0,4%, ересектер — 6,01%. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 19,8-ге жетті. Ең көбі Алатау ауданында — 197, Наурызбай ауданында — 110, Бостандық ауданында — 45, Әуезов ауданында — 39, Алмалы ауданында — 32, Түрксіб ауданында — 24, Жетісу ауданында — 20 және Медеу ауданында — 15 науқас тіркелген.

— Науқастардың 87,9%-ы қызылшаға қарсы екпе салдыртпаған. Негізгі себебі — вакцинациядан бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімдер мен екпе жасына жетпеуі. Бұл — халықтың ауруға ең бейім тобы, — деді спикер.

Екпе алғандар арасында да қызылшамен ауырған 34 адам тіркелген, оның ішінде 33 адам вакцинацияның толық курсын алмаған, біреуі ғана толық егілген. Науқастардың ең үлкен үлесі — 1 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен бір жасқа толмаған сәбилер.

Инфекция ошақтарының барлығында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. 4 154 байланыста болған адам анықталып, олар инкубациялық кезең ішінде медициналық бақылауға алынды. Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша қызылша, қызамық пен паротитке қарсы байланыста болған 706 адамға вакцина салынды. Балабақшалар мен мектептерде сүзгілік бақылау енгізіліп, кабинетте оқыту жағы уақытша тоқтатылды, жаппай іс-шаралар шектеліп, екпе алмаған байланыста болған балалар оқшауланды.

Алматыда бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балаларды қамтитын қосымша иммундау жалғасып жатыр. Сондай-ақ 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша вакцинация жүргізіле бастады. Былтырғы желтоқсаннан биылғы ақпанға дейін 1 720 сәби қамтылып, бұл жоспарланғандардың 16,1%-ы. Жыл басынан бері қызылшаға қарсы 4 200 бала мен жасөспірім екпе алды. Жоспарлы вакцинация екі рет — 1 жаста және 6 жаста тұрғылықты жердегі емханаларда жүргізіледі.