$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталды

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталды

"Алаяқтардың сөзіне ерген Еуропа өзі бүлініп қана қоймай, бүкіл әлемді бүлдірді". АҚШ Энергетика министрі Крис Райт Трамптың сөзін қайталап қана қоймай, өршелендіре түсті. Бүкіл әлемнің назары қазір Швейцарияда. Женевада Украина мен Ресей делегациялары арасында да келіссөздер өтті.  Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Ресей мұнайы мен газын алғысы келмесе де, алуға мәжбүр болып, осындай мүшкіл халге түскендеріңе өздерің кінәлісіңдер. АҚШ Энергетика министрі Трамптың не айтқысы келгенін түсіндірді. Крис Райттың айтуынша, Еуропа елдерінің билігі алаяқтардың арбауына түскен.

КРИС РАЙТ, АҚШ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Еуропа елдері соңғы 17 жылда жылу мен электр қуатын өндіруді қойған. Осылайша, Ресей газына тәуелділікке түсті. Қазір, өздерінше, санкция салып, оны айналып өтіп, түптің-түбінде сол газды сатып алып жатыр. Өйткені, өздерінде бар өндірісті жауып тастаған. Бұл, Кәрі Құрлық экономикасына да зиянын тигізді. Ал, мықты мамандар мен ғалымдар Азияға қоныс аударуға мәжбүр болған. Өз аяғына оқ ату деген осындай болады.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің аяқ алысы жаман емес. Ядролық бағдарлама туралы Женевадағы саммитте тараптар осындай баға берді. АҚШ делегациясын Трамптың жақтасы Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнер басқарды.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Бүгін өте жақсы кездесу болды. Біз әріптестерімізге Иран ядролық қару жасауды мақсат тұтпайтынын түсіндіре алдық. Осылайша, негізгі тақырыптар бойынша мәмілеге келіп, жаңа мүмкіндіктер аштық. Өткен жылдардағы нәтижеден әлдеқайда асып түстік деп айта аламын.

Бірақ, Иран АҚШ тактикасын өзіне қарсы қолдана бастады. Бір жағынан келіссөз, екінші тұстан әскери күшпен қысым көрсету тәсілін Иран басшысы Аятолла ұстанып отыр. Оның айтуынша, АҚШ ешқашан тікелей соғыста жеңіске жете алмайды.

АЛИ ХАМЕНЕИ, ИРАН АЯТОЛЛАСЫ:

Нағыз мұсылмандар билікке келіп, осы елімізді азғындардан азат еткен кезде, бірден АҚШ шабуылдаған еді. Бірақ, масқара болғандарын ұмытқан секілді. Әлбетте, АҚШ әскері әлемде ең мықты болса, мықты шығар. Бірақ, олар да жеңілген. Бір емес, бірнеше рет. Ал, бізге тістері батпай отырғандарына 50 жыл болып қалды.

Женевада Украина мен Ресей делегациялары арасында да келіссөздер өтті. Бірақ, Иран мәселесіне қарағанда, мүлдем нәтиже жоқ деп айтуға болады. Зеленский өз командасына Путинмен тікелей кездесу ұйымдастыруды тапсырған. Алайда, бұл мәселені Ресей делегациясы қарастырудан бас тартқан.