Елде сапалы білім беретін мектептердің тізімі жасалып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты. Министрдің сөзінше, енді мемлекеттік және жекеменшік мектептер үшін талап бірдей болады. Былтыр жекеменшік мектептер цифрландырудан өткен. Қазір бұл үдеріс мемлекеттік білім ұйымдарын да қамтып жатыр. Мақсат – сапалы білім беретін мектептерді анықтау. Сондай-ақ Сүлейменова кей жекеменшік мектептерде оқу стандарты толық орындалмай отырғанын жеткізді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Негізгі мәселеге тоқталғым келеді. Сабақ берілмеген, бірақ тіркелген балалар бар. Сонымен қатар оқу стандартын толық орындамаған, әскери дайындық, дене шынықтыру пәндері секілді пәндерді оқытпаған. Сондай-ақ өздерінің ғимаратының мақсаты келмейтін мектептер бар, яғни қоймада, моншада мектеп ашып, соны заңдастырып рәсімдемеген.
Бұдан былай талапқа сай келмейтін мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайды. Ал барлық стандарттарды орындайтын, ғимараты мен педагог құрамы талапқа сай білім беру ұйымдары жұмысын жалғастыра береді.