Енді дипломы жоқ блогерлер онлайн курс сата алмайды. Үкімет бұл мәселеге заңмен шектеу енгізбек. Демек, бай болудың құпиясын ашып, сұлу әрі іскер әйел болуды үйрететендердің жолы түбегейлі кесіледі. Егер оңай олжаға кенеліп жүрген коучтар мұны ескермей, әрі қарай «ақылын» сатуды тоқтатпаса, істі болуы да әбден мүмкін. Жол ашқыштың «тонын кигендерге» тағы қандай талап бар? Аружан Задабек тақырыпты тарқатады.
Иә, қазір әлеуметтік желіде курсын сатып, құпиясын қымбатқа бағалайтындар көп. Біреу бай болудың жолын көрсетемін деп еліктірсе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел ретінде қалыптастырамын деп уәде береді. Керек десең, қыздарға мықты жігіт табуды, бақытты әйел болуды үйретеді. Қып-қызыл ақшаға алған тренингің теңгесіне татыса мейлі ғой. Көбіне нәтиже бермейді деп сан соғады жұрт. «Ақылшылардың» арам пиғылы тек қаражат екенін ұққаннан кейін депутаттар бас көтере бастады. Арнайы заң керек деп талап етіп отыр.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ай-күннің аманында қарапайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды. Мұндай сорақылықты тренниг емес, диструктивті секта ретінде қарап, қатаң шара қолдану керек деген пікірлер де айтылады қоғамнан.
Депутат сөзінің жаны бар. Коучтар әркімнің жағдайы, өмірі әртүрлі екенін ескермейді. Бәріне айтатын кеңес – ортақ. Салдарынан семинар спикерінің дегеніне сеніп, шаңырағын шайқалтқандар да, шаруасын шашыратқандар да көп. Бұған қатысты Премьер-министр Олжас Бектенов те пікір білдірді. Енді әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар туралы заңға түзетулер енгізілетін болды. Үкімет қазірдің өзінде бақылауды күшейтіп, контентті сүзгіден өткізіп, тыйым салынғандарын өшіріп жатыр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін 2022–2023 жылдарға жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша 850 блогерден шамамен 500 млн теңге өндіріп алғанын айтқан. Қазіргі уақытта 622 блогер қосымша салықтық есептіліктерді ұсыну арқылы 18 292 миллион теңге сомасында табысын декларациялады, 875,5 миллион теңге салық есептелді.
Әзірге, бұл – ұсыныс. Заңға қатысты өзгерістердің нақты қашан енгізілетіні белгісіз. Ал, дәл қазір мұндай норма болмағандықтан ақшаға білімін сататын мамандарды қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Мотиватор-тренердің ақпараты сапасыз болса, ол да қылмыс емес. Сол үшін заңгерлер от ауызды, орақ тілді тренерлерден «тәлім» алуға асықпастан бұрын, мұқият зерттеуге кеңес береді.
ЖАНАР ЕРЖАНОВА, ЗАҢГЕР:
Олар - интернетте оңай ақша табудың жолын іздейтін адамдар. Бірақ оңай ақша болмайтынын ескеру керек. Курс заңға сәйкес па, жоқ па, соны зерттеу керек. Ешқандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болыңыздар. Ал егер, курс ақшасын алып, бірақ ешқандай сабақ өтпесе, құзырлы органдарға шағымдану керек. Дәлел ретінде сөйлескен чаттарды суретке түсіріп алыңыз.
Қанша адам болса сонша пікір, сонша ұстаным бар. Өмірді қалай сүреді, ілімді қалай жинайды, ақылды кімнен алады әркімнің өз таңдауы. Бірақ өмірдің сан сырын білмей тұрып, сәттілік шақыруды үйрететін, тұрмыс құрмай тұрып, бақытты отбасы болудың құпиясымен бөліскісі келетін «ақылсымақтардың» арбауына алданбаса игі.