Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Нью-Делиге жұмыс сапары аясында Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модимен екіжақты кездесу өткізіп, India AI Impact Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты.
Олжас Бектенов Үндістан Премьер-министріне Қазақстан Президентінің атынан жылы лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде Нарендра Моди Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жолдады және стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығару бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін білдірді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $923,3 млн-ды құрады. Сауда және инвестициялар, энергетика, АӨК, цифрландыру және ЖИ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан Үндістан нарығына 40 тауарлық позиция бойынша $150 млн-ға өнім жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын. Маңызды минералдар мен сирек жер элементтері, ғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің елеулі әлеуеті атап өтілді.
Премьер-министр әлемнің 50-ден астам елінен, соның ішінде мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ IT саласындағы сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері жиналған India AI Impact Summit 2026 саммитіне қатысты.
Олжас Бектенов пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде озық технологиялардың экономикалық әлеуетіне және олардың жаһандық өсу құрылымындағы әсеріне назар аударды.
Біз интеллектінің инклюзивті, дербес және ең бастысы экономиканың негізгі секторларын трансформациялайтын күшке ие болуы керек екеніне сенімдіміз. Бүгінде Қазақстан өңірлік цифрлық орталыққа айналуда. Сондай-ақ БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-ші орында тұрмыз. Еліміз, сонымен қатар онлайн-қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі ең үздік ондыққа кіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру мақсатын қойды. Жасанды интеллект біздің ұлттық дамуымыздың стратегиялық тірегі болып саналады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстан Премьер-министрі әлемдік технологиялық компанияларды озық технологияларды дамыту саласындағы ынтымақтастыққа шақырды.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және ЖИ жылы аясында Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инновацияны реттеу мен ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Президент жанынан құрылған ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес бір платформада жетекші әлемдік визионерлерді біріктірді. Орталық Азияда алғаш рет екі ірі суперкомпьютер кластері орналастырылды, NVIDIA-мен серіктестікте Дербес ЖИ хабын құру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл әзербайжандық серіктестермен бірлесіп, Транскаспий талшықты-оптикалық желісінің құрылысын аяқтау жаһандық деректер трафигі үшін ең қысқа балама маршрутты қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанға Шығыс пен Батыс арасындағы цифрлық көпір болуға жол ашады. Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан флагмандық «ДӨО-лар алқабы» жобасы да ірі деректер орталықтары үшін экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекет инфрақұрылым, жобаларды сүйемелдеу және тағы да басқа қажетті қолдаудың барлық түрін ұсынатыны атап өтілді.
Форум қорытындысы бойынша делегация басшылары India AI Impact Expo 2026 халықаралық көрмесіне барды, онда жасанды интеллект саласындағы практикалық шешімдер, технологиялар және қолданбалы әзірлемелер ұсынылды. Экспозиция өнеркәсіп, қаржы, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және тағы да басқа салалардың кең ауқымын қамтыды.