$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ауылдарда пошта бөлімшелері жабылуы мүмкін

Ауылдарда пошта бөлімшелері жабылуы мүмкін

Ауылдарда пошта бөлімшелері жабылып қалуы мүмкін. Сенатор Әлібек Нәутиевтің айтуынша, Қазпошта ауылдарға газет-журнал жеткізіп қана қоймай, төлем қабылдау мен басқа да әмбебап қызметтерді көрсетуге міндетті. Алайда бөлінген субсидия шығындарды толық жаппайды. Соның салдарынан компанияның қаржылық тұрақтылығына қауіп төніп, бөлімшелердің жабылу қаупі бар. Көптеген шалғай ауылдарда интернет жоқ немесе тұрақсыз. Мұндай жерлерде баспасөз - ақпараттың жалғыз көзі. Пошта қысқарса, тұрғындар ақпараттан шет қалуы мүмкін. Бұл әсіресе сайлау және референдум кезеңінде маңызды. Сенатор Үкіметті ауылдағы пошта қызметін толық қаржыландыруға және заңнамаға өзгеріс енгізуге шақырды.

ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Интернеттің болмауы және пошта маршруттарының қысқаруы жағдайында шалғайдағы тұрғындар «ақпараттық оқшаулануда» қалып қоюы мүмкін. Әсіресе, бұл жағдай мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру кезеңінде және сайлау кезеңінде, оның ішінде жалпыұлттық референдумға дайындық жағдайында өте маңызды. Ауылдық пошта бөлімшелерінің жабылуы азаматтардың  елдің әлеуметтік саяси өмірінен оқшаулануы және оларды ақпараттандыру бойынша конституциялық құқынан айыру деп есептейміз.