Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа үлгісі жасалуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында осындай тапсырма жүктеді. Президент көмектің қолжетімді әрі тиімді болуы керектігін атап көрсеткен. Ал дәрігерлердің қағазбастылықтан арылуы, жұмысты толықтай сандық форматқа көшірудің де маңызы зор. Мұндай тәжірибе аймақтардағы емдеу мекемелерінде қолданысқа енгізілеп жатыр. Жолдаудан туындаған міндеттер туралы әріптестерім айтуға әзір. Алдымен тараздық тілшіміз Данияр Әлімқұл сөз алады.
Маңызды мәлімдеменің 7-ші тармағында халық денсаулығына мән беру баса айтылды. Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы, екенін ескерген Елбасы кең тараған кесел түрлерінің алдын алуды тапсырды. Осы ретте онкологиялық аурулармен күресті күшейту керектігі айтылған. Қатерлі ісікті дер кезінде анықтау үшін, Жамбыл облысында жыл сайын 100 мыңдай адам скринингтік тексеруден өтеді. Биыл Таразда 200 орындық онкологиялық дипсансер салу жоспарда бар. 2017 жылы аймақта қатерлі ісікпен ауыратын адамдар саны 1,8 пайызға артқан.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы "Жолдауда қамтылған медицина саласын ақпараттандыру және жаңа цифрландыру кезеңіне өту жайы» аса маңызды дейді. Бұл ретте аймақтың бас дәрігері «Электронды паспортты» дамытуға көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Енді электронды паспорт арқылы әрбір адамның ауру тарихы мен түрлі тексеріс қорытындылары базаға енгізілетін болады.
Марат
Жұманқұлов, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Елбасының жолдауында көрсетілгені электрондық денсаулық паспортын жасау. Қазір 83 пайыз мекемелерде енгізілді. Енді қалғанын осы 1-ші тоқсанда енгізсек, ал енді цифровизация дегеніміз - баланың бүкіл туылғанынан бастап, барлық деректерін цифрлы форматқа ауыстыру. Бұған әлі де уақыт керек. Оны біз осы 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында бітіреміз деп отырмыз.
Медицинаға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайып келеді. Былтыр 12 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Оның 8-і дәрігерлік амбулатория болса, үшеуі фельдшерлік-акушерлік бекет. Биыл 15 медициналық мекеме салынады. Елбасы жолдауын дәрігерлер қауымы да қызу қолдап отыр.
Ғалия Садыбекова, Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы бөлім меңгерушісі:
Қазақы әдемі мақал бар ғой, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген, сондықтан да, әрине, әр адам өзінің ауырмайтын жолын іздеу керек. Не істеу керек ол үшін? Бір жылда бір рет дәрігерлерге қаралып, алдын-алу шараларын мамандардан сұрап тұру керек.
Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру өзге өңірлерде қалай жүргізіліп жатыр? Ендігі кезекті оралдық әріптесіме беремін. Еркін, сөз сенде.
Еркін Карин, тілші:
Иә, Данияр, ақпараттық жүйелерді біріктіріп, электронды денсаулық паспортын енгізу, яғни «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу мәселесі Елбасы жолдауында көрініс тапқан еді. Мақсат - дәрігерлік көмектің тиімділігін арттыру. Бұл тәжірибе Оралдағы емдеу мекемелерінде кеңінен енгізіле бастады.
Бұған дейін дәрігерлер науқас туралы мәліметті компьютерге теріп, одан қағазға қайта көшіретін. Қазір тек электронды нұсқасы жеткілікті. Бұл тексеру мен емдеу уақытын қысқартады. Әрі дәрігерге тіркелу де электронды түрде. Осылайша кезегін күткендер азайған. Тіпті бұған дейін амбулаторлық карточкалар самсап тұратын сөрелер қаңырап, бос қалыпты. Осылайша дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқару қолға алынды.
Гүлнар Абдрахманова, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Бұрын рецепт алу үшін, сол рецепті жазып, қағазбен апарып жүру керек болса, қазір электронды рецептімен аптекадан алуға болады. Қағаз тасып керегі жоқ. Және науқас басқа қалаға барғанда, қағаз құжат керек болмайды. Сол электронды құжатыменен, қалай ауырғанын, қандай ем алғанын және қандай тексеруден өткені сол құжатта электронды түрде болады.
Еркін Карин, тілші:
Әзірге бұл жоба қалалық емханада іске асырылуда. Ақпан-наурыз айларында 38 мекеме осы жүйеге көшіріледі. Бұл үшін 162 миллион теңгеге 636 компьютер алынып, емдеу мекемелері түгелдей ұйымдастыру техникасымен жабдықталған. Сондай-ақ, жедел жәрдемді басқарудың автоматты жүйесі де жаңғыртылып, шақыртуға жету уақыты үш минутқа қысқарыпты.
Еркін КАРИН Данияр ӘЛІМҚҰЛ