Қостанай облысында әйелі мен ұлын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды. Айыпталушы әйелімен жанжалдасып қалған. Салдарынан ас үй пышағымен әйелін және 16-дағы баласын жарақаттаған. Күдікті қылмыстың ізін суытпай қолға түскен. Сотта ол кінәсін мойындады, алайда ұлын қасақана өлтірді деген нұсқамен келіспеді. Сотта қылмыстың алдын ала жоспарланғаны айтылды: айыпталушы өзімен бірге пышақ қана емес, отбасы мүшелерін байлап қою үшін пластик байлағышты да алған, сондай-ақ, көршілер айқай-шуды естімеуі үшін терезені жауып қойған. Кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам саналы түрде әрекет етіп, өз іс-әрекетіне есеп берген. Сонымен қатар, сот мәліметінше, айыпталушы өкініш білдірмеген және сот процесі барысында жауапкершілікті өз мойнынан ысырып, жұбайының моральдық қасиеттеріне назар аударту арқылы ақталуға тырысқан.