Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. АҚШ Президенті ел басшысының тұлғалық ұстанымына тоқталып, ерекше бағалады. Әрі Қазақстанды бай мемлекет ретінде мойындайтынын айтқан. Ал Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысқан Президент мемлекетіміз Газа секторын қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін айтты. Гуманитарлық көмек көрсетіп, студенттерге грант бөлуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Вашингтондағы кездесулер мен келісімдер туралы келесі сюжетте.
Бейбітшілік кеңесі – жай конференция емес, нақты мақсаттарды айқындайтын жиын. Сөзін осылай бастаған Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трампқа тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Өйткені әлемде мұндай бастама әлі көтерілген емес. Бұл - бұрын-соңды болмаған бетбұрыс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұжырымдаманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мырза, Сіздің нақты іс-әрекет қана бейбітшілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптаймын.
Қазақстан – ең ірі бидай өндіретін елдің бірі. Сондықтан Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Тіпті, палестиналық студенттердің білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, біраз елді мойындатқан электрондық үкімет саласындағы тәжірибемен бөлісуге ниетті. Мұны Президент өз сөзінде шегелеп өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады.
Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет. Қазақстан осы үшін Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдаған еді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі аясында Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынды. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болады дейді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін.
Дональд Трамп та өз кезегінде Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысқаны үшін қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанды бай ел деп атады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сізге көп рахмет! Бұл қандай ел десеңіз, бұл – керемет әрі бай мемлекет. Егер біреулерде қандай да бір күмән туындаса, бүгін мұнда өте бақуатты адамдар қатысып отыр.
Президент Вашингтондағы сапары аясында бірнеше лауазымды тұлғамен де кездесті. Олардың арасында беделді халықаралық қаржы институтының директоры, авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шығаратын Boeing трансұлттық корпорациясының вице-президенті, халықаралық инвестициялық компанияның басшысы және Mars компаниясының өкілі бар. Кездесу барысында тараптар маңызды мәселелерді талқылап, бірлескен жобалардың жетістігіне тоқталды.