Енді мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта WhatsApp-тағы ата-аналар сұрағына жауап беруге міндетті емес. Әлеуметтік желіге Reels түсіруге де мәжбүрлеуге болмайды. Мұғалімнің құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленді.Ол туралы толығырақ тілшіміз Аяулым Изатқызы айтады.
АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Стазым менің, ұстазым,
Телефонмен өтті-ау қыс-жазың.
Қалдырған рилсың мәңгілік
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым менің, ұстазым.
Соңғы уақытта мектеп мұғалімдері үшін балаға білім беруден бұрын әлеуметтік желіге контент салу басты міндетке айналды. Өткізілген ашық сабақтың, пән апталықтарының есебін солай көрсететін. Бірақ енді мұның бәріне тосқауыл қойылмақ.
Елде мұғалімдердің құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленді. Бұдан былай педагогтерді әлеуметтік желіге Reels түсіруге мәжбүрлеуге жол берілмейді. Жұмыстан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге де міндетті болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads платформасында жазды.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ГРАФИКА:
Педагогтерді рилс түсіруге мәжбүрлеуден, түнде және жұмыс уақытынан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге міндеттеуден, есепті электронды және қағаз жүзінде қайталап тапсырудан қорғау үшін арнайы заң жобасын әзірледік. Енді заң жобасын жұмысқа қабылдаймыз. Келесі аптадан бастап жұмыс тобында талқылауды бастаймыз. Бұл – өте маңызды мәселе.
Халық қалаулысының сөзінше, ұстаздар артық міндеттермен емес, сапалы білім берумен және тәрбие жұмысымен айналысуы тиіс. Мұны педагогтер де қолдайды.
МАЙРА МӘЛІКҚЫЗЫ, МҰҒАЛІМ:
Жұмыстан тыс уақытта ватсапқа, мессенджерлерге жауап беру ол еңбек құқығына қайшы деп білемін. Яғни біз осы тұрғыдан мұғалімдердің құқығын шектеп отыр деген пікірдеміз. Жүргізілген ашық сабақтарды әлеуметтік желіге салған кезде барлық оқушыны қамту мүмкін емес. Ал кейбір ата-аналардан "неге менің балам осы шараға қатыспаған, неге түспей қалған" деген мұғалімдерге қайшылықтар да туындап жатыр.
Алайда мұнымен ата-аналардың барлығы бірдей келісе бермейді.
БЛИЦ:
- Дұрыс емес. Олар ответ беруі керек сұраққа.
- Енді әр ата-ананың баласының тәрбиесі әртүрлі болады ғой. сол себепті жауап беруі керек қой
- Мұғалім таңертең занимается, а кешке не обязана. Родитель должен отвечать за это.
Заң жобасы әзір талқыланып жатыр. Мақұлданған жағдайда мұғалімдердің жұмысы тек оқыту мен тәрбиеге бағытталады.