$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Былтыр елімізде 18 мәйіттік донор 67 адамның өмірін сақтап қалды

AstanaTV
20.02.2026ж. 19:00
Былтыр елімізде 18 мәйіттік донор 67 адамның өмірін сақтап қалды

Елімізде жылына донор күткен 300-дей науқас көз жұмады. Себебі қоғам «мәйіттік донор» ұғымынан үркеді. Дүниежүзінде трансплантацияның 80 пайызы қайтыс болған адамның ағзасы арқылы жасалса, бізде бұл көрсеткіш керісінше. Операцияның басым бөлігі тек туыстар арасында жүреді. Соған қарамастан, өзгеге өмір сыйлауды азаматтық парыз санаған отбасылар бар. Ұлттық онкологиялық ғылыми орталығында мәйіттік донор есебінен екі операция сәтті жасалды.

Павлодарда 27 қаңтар күні 39 жастағы әйел геморрагиялық инсультпен ауруханаға түскен. Дәрігерлер бар күшін салғанымен, ми өлімі тіркелді. Осындай ауыр сәтте марқұмның отбасы өзгелерге өмір сыйлау туралы батыл шешім қабылдаған. Донордың бауыры мен бүйрегі шұғыл түрде елордаға жеткізілді.

АРМАН МАРАЛБАЙ, ҰҒОО ХИРУРГ-ТРАНСПЛАНТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

2 бүйрегін, бауырын алдық. Біздің орталыққа  бір бүйрек, Ана мен бала орталығына 1 бүйрек. Жүрек кардиохирургия орталығына барды. Бізден мәйіттік донор салынған пациентіміз қазіргі уақытта бір қалыпты.

28 жастағы Әлішер Ырысбай екі жылдан бері бүйрек дертімен күресіп келеді.  Павлодарлық әйелдің бүйрегі Әлішерге салынды.  Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

ӘЛІШЕР ЫРЫСБАЙ, НАУҚАС:

Шет елдерде жасап жатады ғой трупный донор деп негізі оны басқа салған адам ғана түсінеді екен. Мысалы шет елге барған қыруар ақша. Оны көбісінің қалтасы көтере бермейді. Қазір больницада 13 күн жатырмын. 13 күнде маған бүйрек қойып бермегенде маған 5 рет диализге баратын едім.

Ал Самат Сүйеуовке бауыр салынды.  Ол да өмірге екінші мүмкіндік алғанына қуанышты. 

САМАТ СУЙЕУОВ, НАУҚАС:

2 рет лечение алдым. Үшінші ретте жаңағы донорстваға тап болып, операцияға келісім беріп солай жасаттым. Өмір сүргің келеді. Донор берген семьяға рақметімді айтам.

Былтыр елімізде 18 мәйіттік донор 67 адамның өмірін сақтап қалды.  Қазір 4 мың 521 адам ағза кезегінде тұр. Оның 106-сы – бала. Мәйіттік донорлықта уақыт шешуші рөл атқарады. Жүрек төрт сағат ішінде, бауыр 6–8 сағатта, ал бүйрек 12 сағатқа дейін трансплантациялануы тиіс.

ЖӘМИЛА САПАРБАЙ, ҰҒОО ХИРУРГ-ТРАНСПЛАНТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

10 реципиент келді, барлығына толық зертханалық және инструменталдық тексеру жүргізілді. Кейбірінде операция кезеңіне қарсы көрсетілімдер болды. Сондықтан ең жоғары MELD көрсеткіші бар науқас таңдалды. Қазіргі таңда клиникада жатқан СИЕФ – осы жолы негізгі реципиент болды. Бұған дейін де посмертті донорлар кезінде шақырылған, бұл – оның клиникаға төртінші рет келуі.

Мамандардың айтуынша, мәйіттік донорлық тек ми өлімі ресми тіркелген жағдайда ғана жүзеге асады және елімізде 2013 жылдан бері заңмен реттелген. Әр азамат көзі тірісінде ағзасын беруге келісімін немесе бас тартуын электронды үкімет порталы арқылы рәсімдей алады. 2020 жылдан бері 1209 трансплантация жасалса, соның небәрі 15 пайызы ғана мәйіттік донор есебінен орындалған. Дәрігерлер қоғам көзқарасы өзгерсе, күту тізіміндегі мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік артатынын айтады.