$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Орталық Азия елдері су саласындағы халықаралық үйлестіруді күшейтуге бағытталған Қазақстанның бастамаларын талқылады

21.02.2026ж. 21:35
Орталық Азия елдері су саласындағы халықаралық үйлестіруді күшейтуге бағытталған Қазақстанның бастамаларын талқылады
Фото: chemtech.ru

Душанбеде Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 92-інші отырысы өтті.

Отырысқа ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрі Далер Джума, Түрікменстанның Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты.

Қырғыз Республикасынан бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Улан Абдыкеримов қатысты.

Отырыста қатысушылар 2025-2026 жылдардағы вегетацияаралық кезеңде Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндеріндегі су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдерін талқылады. Сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары саммиттерінде қабылданған шешімдерді іске асыру барысы талқыланды.

«Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған су саласындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар ұлттық реформаларды үйлестіруге, суды есепке алудың ашық жүйесін дамытуға және деректермен жүйелі алмасуға, сондай-ақ қолданыстағы өңірлік тетіктердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Орталық Азияда су пайдалануға қатысты Рамалық конвенцияны қабылдауды ұсынды. Осы бастаманың су саласындағы өңірлік үйлестіруді нығайту, климаттың өзгеруіне бейімделу жолындағы күш-жігерді біріктіру және су ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілету үшін маңызын ескере отырып, тараптарды оны қолдауға шақырамын»,– деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министр сондай-ақ Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволарының басшыларын 22-24 сәуір күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке белсенді қатысуға шақырды. Саммит аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі екі арнайы су сессиясын ұйымдастырады:

«Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару: бастамалардан бірлескен іс-қимылға» және «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азияда су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру».

МСШҮК-ның келесі, 93-інші отырысын 2026 жылдың сәуір айында Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр.