Жаңа Конституция жобасы – уақыт талабына сай жаңарған қоғамның құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын құжат. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сарапшылар алаңында осылай деді.
Конституция – жай ғана жоғары заңдық құжат емес, ол – қоғамдық келісімнің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа жоба ұлттық болмысымыз бен негізгі мәселелер бойынша табиғи түрде қалыптасқан қоғамдық келісімді айқынырақ бейнелейді. Қолданыстағы Конституция қабылданғанына отыз жыл өтті. Осы уақыт ішінде қоғам да, адамдардың үміті мен талап-тілегі де жаңарды. Бүгінгі қоғам өзекті мәселелерге өзгеше, тіпті бұрынғыдан да өткір қарайды, – деді Ерлан Қарин.
Ерлан Қариннің айтуынша, жоба мәтінінде дәстүрлі құндылықтарды қорғау мәселесі күшейтілген. Сондай-ақ, әйелдердің құқықтарын қорғау мен ерлі-зайыптылардың теңдігіне де басымдық берілген.
Соңғы жылдары қоғамда әйелдердің тең құқықғы мен оның сақталуы мәселесі белсенді талқыланып келеді. Осыған байланысты Конституция жобасында әйелдердің құқықтарын қорғау және некедегі ерлі-зайыптылардың теңдігін қамтамасыз ету нормалары бекітілді, – деді Ерлан Қарин.
Қоғам тарапынан мемлекеттің зайырлы сипатын нақты әрі айқын түрде айқындау туралы сұраныстар да көптеп түскен.
Бұл қағидаттың айқын екеніне қарамастан, азаматтар мемлекеттің зайырлылығын Конституцияда ашық әрі нақты бекітілуін қалады. Жаңа жобада бұл тек декларативті деңгейде ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да нақтыланған. Яғни, діни-рухани ұйымдарды қоспағанда, білім беру жүйесінің зайырлы сипатта екені арнайы көрсетілген. Сонымен қатар, бұл қағидалар құжаттың өзге баптарында да дамытылып, нақтылана түсті, - дейді Ерлан Қарин.