$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ XXV ҚЫСҚЫ ОЛИМПИЯ ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ НӘТИЖЕСІ

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ XXV ҚЫСҚЫ ОЛИМПИЯ ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ НӘТИЖЕСІ
Ұлттық Олимпиада комитеті

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындары мәресіне жетті. Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 94 елінен 2917 спортшы қатысып, 16 дисциплина бойынша 116 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 спортшымен (18 ер, 18 әйел) қатысты. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл-акробатика, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы қоссайысы спорт түрлерінен сынға түсті. Отандастарымыз 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде бақ сынады.

Биылғы Олимпиадада құраманың географиясы кеңейіп, кейінгі төрт олимпиадалық цикл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті. Команда сапына еліміздің 11 өңірінен спортшылар енді: Алматы, Астана және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстары. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылғы қысқы ойындарға 10 өңірдің, 2018 жылы – 9 өңірдің, ал 2014 жылы 10 өңірдің өкілдері қатысқан болатын.

Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпанда тіркелді. Сол күні отандасымыз Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада кейінгі 32 жылда жеңіп алған тұңғыш алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында тек қола жүлде болған. 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен үшінші орыннан көрінген еді. Ал 2022 жылғы Олимпиадада аталған дисциплинада отандық спортшылар қатысқан жоқ. Қазақстанның қысқы Олимпиададағы бұған дейінгі алғашқы әрі әзірге ең кейінгі алтын жүлдесі 1994 жылы тіркелген болатын. Сол жылы шаңғышы Владимир Смирнов Олимпиада чемпионы атанған еді.

Биылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға тұрақтады. Отандастарымыз қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарында жүретін Финляндия мен Бельгия құрамаларын артта қалдырды. Қазақстан құрамасы кейінгі рет 1994 жылы үздік жиырмалық қатарына енген еді.

Олимпиада барысында отандық спортшылар бірқатар тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Мәнерлеп сырғанаудан 19 жастағы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы ең жоғары нәтиже.

Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алып, 1998 жылдан бергі отандық конькишілердің ең үздік көрсеткішін тіркеді. Елизавета Голубева 1500 метрде 7-нәтиже көрсетіп, 3000 метрде үздік ондыққа енді. Сонымен қатар әйелдер құрамасы командалық жарыста Олимпиаданың ең үздік сегіз командасының қатарына қосылды.

Өзге спорт түрлерінде де айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, осы спорт түрі бойынша Қазақстанның Олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Шорт-тректе Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орынға ие болып, алдыңғы Олимпиададағы нәтижесін жақсартты. Фристайл-могулда бірден екі спортшымыз үздік ондыққа енді: Анастасия Городко 8-орын, Павел Колмаков 9-орын алып, 2022 жылғы ойындардағы көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Сондай-ақ конькимен жүгіру сайысында Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта 9-орын, фристайл-акробатикадан (микст) командалық бәсекеде жерлестеріміз 7-орын алды.

Жалпы алғанда, Қазақстан ұлттық құрамасының XXV қысқы Олимпиададағы өнері жоғары бағаланып, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетті екенін және жоғары деңгейдегі спортшылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Спортшылар тіркеген нәтижелер қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың тиімділігін, өңірлік спорт инфрақұрылымының нығаюын және ұлттық құрамаларды халықаралық ірі жарыстарға кезең-кезеңімен сапалы даярлау ісінің нәтижелілігін айқындайды.