$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Төтенше жағдай режимі енгізілді

Төтенше жағдай режимі енгізілді
Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында жойқын желдің салдарынан жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Табиғи апаттан көршілес Меркі ауданы да айтарлықтай зардап шеккен.

Кеше өңірде секундына 30 метрге дейін жеткен екпінді жел бірнеше елді мекенді жарықсыз және газсыз қалдырды. Облыс әкімдігінің соңғы мәліметінше, Т. Рысқұлов ауданындағы ахуал күрделі:

  • 7 елді мекенде 29 нысанның шатыры зақымдалған;
  • Оның ішінде 10 әлеуметтік мекеме (мектептер мен ауруханалар) бар;
  • 19 ауыл жарықсыз, 7 ауыл газсыз қалды.

Қазіргі таңда электр және газ желілерін қалпына келтіру үшін 10 арнайы бригада жұмыс істеп жатыр.

Апатты жел Меркі ауданын да айналып өтпеген. Мұнда 5 ауылдық округте 27 тұрғын үйдің шатыры ішінара қираған. Сондай-ақ:

1. 5 білім беру мекемесінің шатыры мен қасбеті бүлінген;

2. 8 ауылда жарық сөніп, 3 ауылда газ құбырлары зақымдалған.

Табиғи апаттан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Облыс әкімі Нұржан Кәлендеров зардап шеккен аудандардың басшылығына бірнеше шұғыл тапсырма берді. Атап айтқанда, газ бен жарықты тез арада қосу, құлаған ағаштарды тазалау және ең бастысы — мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді.

Қазіргі уақытта шығын көлемін есептеу жұмыстары жалғасуда. Жағдайды облыс әкімі жеке бақылауында ұстап отыр.