$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үкімет өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын талқылады

23.02.2026ж. 11:27
Үкімет өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын талқылады
Фото: Үкімет

Өткен сенбіде Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпан айының басынан бері бағаның орташа өсу индексі 0,5%, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен (1%).

Мемлекет басшысының инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында апта сайынғы кеңесте бағаның ең жоғары өсімі тіркелген өңірлердегі жағдайды мақсатты түрде қарау туралы шешім қабылданды. Жыл басынан бері мұндай өңірлер қатарында Маңғыстау облысы (ӘМАТ бойынша өсім — 2%) және Түркістан облысы (1,4%) аталып келеді.

Маңғыстау облысында бағаның ең жоғары өсімі қызанақ, сиыр еті, айран, сары май, картоп және басқа да бірқатар өнімдер бойынша тіркелді.

Өңірде ірі сүт өнімдерін өндіретін, ет өңдейтін, ұн және нан шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейтіні сөз болды. Алайда өңірде көкөніс өндіретін кәсіпорындар жоқ. Баға өсімінің негізгі факторлары — күрделі логистика, азық-түлік өнімдерінің жергілікті жерде жеткіліксіз көлемде өндірілетіні және импортқа деген жоғары тәуелділік. Сонымен қатар көкөністі тұрақтандыру қорлары арқылы сату жұмыстары тиісті қарқында жүргізілмей отыр.

Вице-премьер өңірдің негізгі өндірушілері жол беріп отырған баға өсімінің себептеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, Сауда комитетіне және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тұрақтандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

Түркістан облысында бағаның орташа өсу индексі Маңғыстау облысымен салыстырғанда төмен. Өңірде тауық жұмыртқасын, сүт өнімдерін, көкөніс пен ет өндіретін ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Кеңес барысында құс еті мен жұмыртқа өндірушілерге жемге арналған арзандатылған ұн қажеттігі айтылды. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.