Шетелден сатып алынып, кейін ел ішінде заңды түрде тіркелген кейбір көліктер шетелге қайта шыққанда тәркіленіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева айтты. Себебі, ол көліктер бастапқы елінде лизингте болуы немесе қандай да бір шектеуде тұрған болуы мүмкін. Қазақстанда мұндай көліктер еш қиындықсыз тіркеліп, бірнеше жыл жүре береді. Алайда шекарадан өткен кезде ВИН код халықаралық дерекқор арқылы тексеріледі. Мұндай жағдайға шетелден тікелей көлік алғандар ғана емес, кейін ел ішінде сатып алған азаматтар да тап болуы мүмкін. Сондықтан көлік сатып аларда оның халықаралық базаларда шектеуде тұрмағанын алдын ала тексеру керек дейді мамандар.
АНАР МАҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАН АВТОКӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Басқа елдерде лизингте немесе несиеде тұрған көліктер біздің нарыққа келіп жатыр. Мысалы, қазір Қытайда лизингте тұрған автокөліктер де кездеседі. Олар Қазақстанға уақытша әкелу тәртібімен немесе басқа жолмен жеткізіліп, кейін біздің азаматтарға сатылған. Ал сатып алған адам бұл көліктің басқа мемлекетте лизингте тұрғанынан бейхабар болуы мүмкін.