$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Референдумда тұрғындарға қандай сұрақ қойылады?

23.02.2026ж. 19:00
Референдумда тұрғындарға қандай сұрақ қойылады?

Референдумда қойылатын сұрақ пен жауап нұсқалары белгілі болды. Тұрғындарға бір ғана сұрақ қойылады. Азаматтар «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын қабылдайсыз ба?» деген сауалға «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын» деп жауап беруі тиіс. Белгі көк түсті сиясы бар қаламмен қойылады. Ал, нәтиже дауыс беру аяқталғаннан бастап жеті күннен кешіктірілмей Комиссияның ресми парақшасында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

АЗАМАТ АЙМАНАКУМОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Дауыстарды санау референдум комиссиясының мүшелері тарапынан үзіліссіз жүргізіледі. Дауыс беру қорытындылары Конституциялық заңға сәйкес санау кезінде қатысып отырған тұлғаларға жеткізілуі тиіс. Учаскедегі дауыстарды санау уақыты санау басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауы керек.

Референдумда мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне толық жағдай жасалады. Учаскілерге Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемелдеумен орналастыру жоспарда бар. Мұны комиссия мүшелері қолдап отыр. Бұдан бөлек, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Брайль әрпімен әзірленген трафарет үлгісі жұмыс тобы отырысында қаралды. Осылайша, көру қабілеті бұзылған тұрғындардың кедергісіз дауыс беруіне толық жағдай жасалады дейді төраға.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі таңда трафареттерді дайындау және басып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар барлық референдум учаскесіне жеткізіледі. Сондай-ақ әр учаскеде бюллетеньдерді толтыру туралы арнайы аудио нұсқаулық қарастырылған.