$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақмола облысының тұрғындары Конституцияның жаңа жобасын талқылады

Ақмола облысының тұрғындары Конституцияның жаңа жобасын талқылады

Ақмола облысының тұрғындары жаңа Конституцияның жобасын талқылады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған коалиция мүшелері жергілікті жастармен, спортшылар мен еңбек ұжымдарымен кездесті. Одан бөлек, өңір ақсақалдары және этномәдени бірлестік өкілдері де жиынға қатысты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, ұлтаралық диалог Халық Кеңесі арқылы жүзеге асырылып, мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Жаңа Конституция арқылы Халық кеңесі институты құрылады. Ол Қазақстан халқының ортақ мүддесін білдіретін ең жоғары консультативтік орган болады. Ассамблеяның барлық инфрақұрылымы мен бірегей тәжірибесі сақталып, өз жұмысын жалғастырады. Халық кеңесі өңірлерді, азаматтық қоғамды және этномәдени бірлестіктерді біріктіреді. Яғни, халықтың көпэтникалық үні айқындала түседі деген сөз. Осылайша, Ассамблеяның ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесін пайдаланып, өз бетінше заңнамалық күн тәртібін қалыптастыратын біртұтас құрылым қалыптасады.

Жергілікті жұртшылық, әсіресе, этномәдени бірлестік мүшелері жоспарланған өзгерістерді қос қолдап қолдайтындарын жеткізді. Бастысы, Ата заңда адами капиталды дамыту арқылы, ғылым мен білім, мәдениет пен спортта алға қадам басуға болады деген пікірде. Бұл – еліміздің стратегиялық дамуына жол ашады, - дейді қатысушылар.

ГЕРИХАН ЯНДИЕВ, «АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ ҚОҒАМЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің еліміз, жалпы әлем дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасанды интеллект, цифрландыру секілді мүлдем көз көрмеген салалар кең жайыла бастаған кезде, біз де өзгеріссіз қарап отыра алмаймыз. Біз де бұл жаңашылдықтардан қалып келе жатқан жоқпыз, керісінше, алдыңғы қатарға шықтық деп айта аламын.