Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, арнайы операцияға 90 полиция қызметкері мен 43 қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Тексеру жұмыстары тәулік бойы ұйымдастырылып, облыс аумағындағы негізгі бағыттар толық қамтылды.
— Жеті тәуліктің ішінде полицейлер мал тиеген 48 жеңіл-жүк көлігін тоқтатты. Нәтижесінде 38 автокөліктен тиісті құжаттарсыз тасымалданған 613 мал анықталды. Құжатсыз мал тасымалдаған жүргізушілер заң аясында шара қолдану үшін қалалық және аудандық полиция басқармаларына жеткізілді, — делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі таңда іс материалдары учаскелік полиция инспекторларына жолданып, әрбір дерек бойынша тиісті тексеру жұмыстары басталды.