Орталық референдум комиссиясында ТМД Байқаушылар миссиясының басшылығымен кездесу өтті. Халықаралық бақылаушылар жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға мониторинг жүргізуді бастады. Бұл - миссияның елімізге 19-шы сапары. Қазіргі уақытта шамамен 100 халықаралық байқаушыны аккредиттеу жоспарланып отыр. Ұзақ мерзімді бақылаушылар жұмысқа кірісті, ал қысқа мерзімді байқаушылар референдум қарсаңында келеді. Референдумға қатысу құқығы бар 12 миллионнан астам азамат тізімге енгізілген. Барлық дауыс беру учаскелерінде инфрақұрылым толық дайын, азаматтар өз мәртебесін онлайн тексере алады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар үшін де барлық жағдайлар қарастырылған. Байқаушылар референдумның дайындық кезеңінен бастап, дауыс беру күніне дейінгі барлық процесті қадағалап, келесі күні қорытынды мәлімдеме жариялауды жоспарлап отыр.
ЕВГЕНИЙ КОЗЯК, ТМД ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУШЫЛАР МИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біз референдумның барлық кезеңін - дайындық барысын, комиссиялардың жұмысын, қатысушылар тізімін нақтылауды және дауыс беру күнін бақылауды жоспарлап отырмыз. Байқаушылар тек Астанада ғана емес, өңірлерде де жұмыс істейді. Өңірлерден келіп түсетін барлық ақпарат штабта жинақталып, соның негізінде қорытынды құжат әзірленеді.