ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен Қаржы министрлігінің "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады.
Тергеу материалдарына сәйкес ол жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен ақшаны ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген.
Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан, соның салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден аса қаражат түспей қалған.
"Сондай-ақ, құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды. Соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.